Мен үшін Наурыз айының басталуы керемет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні деп жариялағанда қатты қуанғаным бар. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл мерекенің халыққа берері көп деп ойлаймын. Себебі, атаулы күн Қазақстан жерін мекендеген ұлттарды бір-біріне жақындата түсуге, сыйластығын арттырып, достығын нығайтуға ерекше ықпал етеді. Менің осы уақытқа дейін жетіп, қанат жайғаным біріншіден, көкте Құдайдың, екіншіден, жердегі қазақтың арқасы деп білемін.

Шыны керек, сонау 1944 жылы күштеп қоныстандыру саясаты жүрген кезде көптеген ұлттар осында жер аударылып келді емес пе? Сонда қазақ елі жатсынбай біздерге мейірімін танытты ғой. Ол уақытта қазақтың өзі де жарып отырған жоқ-тұғын. Сонысына қарамастан қолындағы барымен бөлісіп, төрінен орын беріп, қонақжайлық танытты. Менің шешем ерте қайтыс болған. Маған ана да, пана да болған осы қазақ. Бұл жақсылықтарды мен ешқашан ұмытпаймын. 1989 жылы «Мен қазақ халқына мәңгілік қарыздармын» деген мақала жазып, 70-ке келген шағымда «Қазағым бар да, мен бармын» деп қазақ асылдарының пікірімен кітап жазғаным бар.

Менің түсінігімде, Қазақстандай жер жоқ, қазақтай ел жоқ. Өйткені, қазаққа дархандығы даласынан, тектілігі бабасына дарыған. Қаншама ұлт этносын құшағына алып, жұдырықтай жүрегіне сыйдырып, дархан даласы қандай ауқымды болса, өзге ұлттарға сондай кең пейілділік танытып, еркін өмір сүруіне жағдай жасады. Мәселен, мені «сен әзірбайжансың» деп кеудемнен ешқашан итерген емес. Басқа этностарға да осылай оң қабақ танытып келеді.

Жалпы, қазақ ұлты тумысынан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шек, жеті атасын жетік білетін, ары да, жаны да таза, һәм ешкімді де бөліп жармайтын, аразды татуластырып, алысты жақындататын қасиеттерге ие. Мен бұл халықты сол үшін жақсы көремін. Осы орайда қазақ ұлтын ешкіммен салыстырғым келмейді. Қазақ еліне алғысым шексіз!

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Достық», «Парасат» ордендерінің иегері,

ғалым Асылы Осман.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK