ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті ауқымды жұмыстарды қолға алуда. Қазір  онда қоғамдық ұйымдардың қызметкерлерінен құралған 30 адамдық жұмыс тобы бар. Олар  ағымдағы жылдың 21 қаңтары мен 20 ақпан аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің қызметінде сыртқы талдау жүргізіп, сыбайлас жемқорлықтың 19 тәуекелін анықтаған.

Бұл туралы «Жетісу — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде өткен дөңгелек үстелде айтылды. Сыртқы талдау нәтижелерін талқылауға арналған жиынға аталмыш жұмыс тобының мүшелері мен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшылары қатысты. Қатысушылар сыбайлас жемқорлық тәуекелі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары салалық заңнамаларына қайшы келуі, жасырын мемлекеттік қызметтердің болуы, артық құжаттарды талап ету басқа да бақылау жұмыстарын жүзеге асыру кезінде орын алатынын алға тартты.

Талдау  барысында аталған департаментте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралалары өте төмен деңгейде жүргізілген. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауға немқұрайлы қараған.

Басқосуда арнайы құрылған жұмыс тобының мүшелері Алматы облысы бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптамалық бөлімдерінің қызметімен де таныстырды. Жалпы, облыс бойынша Департаменттің 10 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі бар. Осы бөлімдер мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін анықтау бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Кейбір адамдар мүгедектігін дәлелдеу үшін бірінші жергілікті аурухана комиссиясынан тексерістен өтіп, қорытындысын алғаннан кейін, Департаменттің бөлімшесіне келіп, қайта бақылаудан өтетіні анықталған. Бұл қосымша әкімшілік кедергілерге жолықтырары анық. Сондай ақ, талдау жүргізу кезеңінде мүгедек жандарды қабылдайтын бөлімшелер ғимараттарында тиісті жағдай жасалмаған. Мәселен, департаменттің №8 бөлімшесінде ғимараты суық және келген мүгедектер кезегін қақаған дәлізде күтуіне тура келеді. Ал, №7 бөлімшесін алар болсақ, арбаға таңылған мүгедек жандардың емін-еркін бөлімшеге жетуіне дәліздің тарлығы кедергі келтіреді. Сонымен қатар, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің бірқатар бөлімшелері 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тек бейсенбі күндері қабылдайтындай кесте бекітіп қойған. Сыртқы талдау қорытындысы бойынша агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті Қоғамдық ұйымдардың қызметкерлерімен бірге жоғарыда көрсетілген тәуекелдерді жою мақсатында тиісті ұсыныстар енгізілді. Бұл ережеге сәйкес, анықталған тәуекелдер 6 ай ішінде орындалуы тиіс екенін жеткізді, –  сөз алған мамандар.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK