Үстіміздегі жылдың қаңтар айыннан наурызға дейін жалпы Алматы облысынан 10 мыңға жуық жас әскери есепке алынған. Қазір облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, біріктірілген басқармасы мен бөлімдерінде шақыру учаскелеріне тіркеу жұмыстары қызу жүргізілуде.

Осыған байланысты, жергілікті әскери басқару органдары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңын басшылыққа ала отырып, 2002 жылы туылған жасөспірімдерді әскери есепке алуда.   Бүгінгі күні 9 992 адам әскери тіркеуге алынып, оларға салтанатты түрде тіркеу куәлігі табысталған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5,5%-ға артық. Тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін бұл тізім тағы 134  жасөспіріммен толығады, –  дейді мамандар .

Еске сала кетейік, шақыру қағазын алған азаматтар тиісті жергілікті әскери басқару органдарында жалпы білімін, денсаулығын, әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтау мақсатында медициналық тексеруден өтеді. Бұл өз кезегінде әскерге шақырылу жасына дейінгі жастарды әскер қатарына дайындауға, олардың санын анықтауға мүмкіндік бермек. Денсаулықтарында кінәрат табылғандар жолдама арқылы тиісті емдеу мекемелерінде ем қабылдап, шақырылу жасына дейін сауығып келу мүмкіндігіне ие.

Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары подполковник Руслан Абихановтың айтуынша, әскер қатарына алынып, Отан қорғауға өз үлесімді қоссам деген жастардың көп болуы көңіл қуантады.

–  Олардың денінің сау болуынан бөлек, моральдық-психологиялық жай-күйлерін, құқықтық сауатты болуын басты назарда ұстаймыз. Тізімге тіркеп, әскерге аттандырудан бөлек жасөспірімдермен әскери-патриоттық бағыттағы тәрбие жұмыстары жиі жүргізіліп отырады, — деді ол.

— Бүгін мен үшін маңызды құжат – тіркеу куәлігін қолыма алдым. Денсаулығымда кінәрат жоқ, әскер қатарына аттануға дайынмын. Армия – жігіттік мектебі, қиындықтан тайсалмай Отанымды, халқымды қорғауға әрқашан әзірмін, – деді Талдықорған қаласының Политехникалық колледжінің 1-курс студенті Ерсұлтан Шайкенов.

Сондай-ақ, пункттерге тіркеу барысында әскери оқу орындарында түсуге ниет білдіргендерге үгіт-насихат жұмыстары да қосымша жүргізілуде. Әскери оқу бойынша түсіндіру жұмыстары маусым айына дейін жалғасады. Қазір Алматы облысының 500-ден астам азаматы ҚР Қарулы Күштерінің әскери оқу орындарында білім алуда.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK