Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті аймақтағы мемлекеттік мекемелерге арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген. Қызмет ғимараттарындағы артық алаңдарды анықтауға бағытталған бұл шара облыстағы 800-ден астам мекемені қамтыған.  Нәтижесінде 50 мың шаршы метрден астам заңсыз алаң анықталып, қазір оны оңтайландыру бойынша  тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Талдықорғанда өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтылды.

Департаменттің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабековтің айтуынша, әрбір мемлекеттік мекемелердегі пайдаланылатын аумақ белгілемеге сай болуы тиіс. Олай болмағанда қазына қаржысына артық шығын әкеледі. Мәселен, облыстағы Талдықорған қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы осыған дейін жалпы алаңы 206 шаршы метр ғимаратты жалға алып, оған әр жыл сайын 7 млн. 380 мың теңге төлем төлеп отырған. Тексеруден кейін аталмыш мекеме өткен жылдың желтоқсан айында Талдықорған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратына көшіп, жалға берілетін қаражат үнемделген. Сондай-ақ, Текелі қаласының жер қатынастары бөлімі де «ERNUR» ЖК-ден кеңсені жалға алып, айына 100 мың, жылына 1 млн. 200 мың теңге беріп келген. Алаңдарды оңтайландыру бойынша  Текелі қаласының жер қатынастары бөлімі, қалалық ішкі саясат бөлімінің ғимаратына қоныс аударып,  артық шығын тізгінделген. Бүгінгі күні бұрын екі әкімшілік ғимаратта орналасқан ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақты инспекциясымен артық пайдаланылып отырған алаңдарды оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан былай мұндай олқылықтарға жол берілмейді –деді басқарма басшысы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK