Елдос Баялышбаев: Қиындықтар адамды қайрай түседі

806
авторы А.Нұршанов

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы – талдықорғандық Елдос Баялышбаев. Қазіргі таңда бұл жігіттің есімін білмейтін адам кемде-кем. Себебі, оның атқарып жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Аймағымызда тұңғыш болып мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Асар” спорттық-сауықтыру орталығын  ашып, ауқымды істі қолға алды.

Сонымен қатар, Алакөлдің жағалауында Қазақстандағы тұңғыш мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Асар” пансионатын ашты. Талдықорғандық жас кәсіпкер  әлеуметтік және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға арналған “Startup Bolashak” байқауында екінші орынға ие болып, бизнес идеясын іске асыру үшін 8 миллион теңге көлемінде қаржыландыруға қол жеткізген болатын. Міне, соның нәтижесінде жалпы алаңы 170 шаршы метрді құрайтын, бір мезетте отыздан аса емделушіні  қабылдай алатын пансионатты ашты.

авторы А.Нұршанов

Кәсіпкердің ең үлкен жетістіктерінің бірі — Жапон елінен грант ұтып алуы.  Жобаның атауы “Оңалту құрылғыларын сатып алу” деп аталады. Халықаралық бұл бағдарламаның басты мақсаты — қарапайым халыққа қолдау көрсету және адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 1997 жылдан бастап аталмыш бағдарлама бойынша біздің елімізден 75-тен астам шағын жоба іске асырылған. Екі айлық жұмыстың нәтижесінде Жапон елшілігі жас кәсіпкердің жобасына  қызығушылық танытып, 8 тамыз күні Мариоко Цунокаке мен бағдарлама үйлестірушісі Ардақ Қыдырова орталыққа келіп, атқарылып жатқан жұмыстар легімен  танысып қайтқан болатын.

авторы А.Нұршанов

Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтарды халыққа кеңінен насихаттау мақсатында  «100 жаңа есім»  жобасы  ұйымдастырылғаны баршаға мәлім. Еліміздің түкпір-түкпірінен өтініш білдірген азаматтардың арасынан оза шығып, 100 жаңа есімнің қатарына енді. Аз уақыттың ішінде жас кәсіпкердің бағындырған белестерінің аз еместігіне көзіміз анық жетті. Ол қызметтік жолында кездескен кез келген қиындыққа мойымай, қасқая  қарсы тұра білді. Кеше ғана ата-анасының еркелеп жүрген бозбаласы, бүгінде көптеген жандарға үміт сыйлаған тұлға атанды. Мақсат-жоспарларың орындала берсін, Елдос!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK