Өткен 2018 жылы Алматы облысы Ақсу ауданындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі  8 млрд. 640 млн. теңгеге жетіп,  бұрынғы жылмен салыстырғанда 152 пайызға жоғарылаған. Нақтырақ айтқанда, облыс бойынша ауданның өндірістегі үлесі бір пайызға артып, нақты көрсеткіш 103 пайыздан асқан. Бұл туралы облыс орталығы Талдықорғандағы өңірлік коммуникация қызметі алаңында  өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов:  – 2018 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер көп. Атап айтсақ, «Ақсу қант» зауыты 75 пайыз жаңғыртылып, қазір тәулігіне 3500 тонна қант қызылшасын өндеуге қауқарлы. Осыған байланысты  биыл қант қызылшасы егілетін алқап 2850 гектарға ұлғайтылып,  одан 100 мың тоннадан астам өнім алу  жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылы капиталға салынған инвестиция көлемі 9 млрд 928 млн  теңге болып, жылдық жоспар 214 пайызға орындалды. Бұл бұрынғы жылмен салыстырғанда  2,9 есеге өсті. Енді үстіміздегі жылы өңірге тартылатын инвестициялар  көлемін 10 млрд. 500 млн. теңгеге жеткізу көзделген. Осы бағытта 2019-2023 жылдарға жоспарланған жалпы құны 7 млрд. 800 млн. теңге болатын  алты инвестициялық жобалар  іске асырылады. Бүгінгі күнге «Panel Sistem.kz» компаниясы  Алтынарық ауылында жалпы жоба құны 1 млрд. 800 млн. теңге болатын мал семірту алаңы мен ет өңдеу кешенінің құрылысын бастады. Сонымен қатар, «Көк-сағыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қапал ауылында 2019-2029 жылдары құны 118 млн.АҚШ доллары тұратын бақ-бақ  гүлін өсіру және одан табиғи каучук өндіру жобасын іске асыратын болады. Міне, бұл аймақ басшысының бастамасымен  Ақсу өңірін дамыту  бағытында қолға алынып жатқан ауқымды істердің бір парасы» – деді.

Нақты мәліметтерге жүгінсек, бүгінде Ақсу ауданы аумағындағы халықтың ауыз су, жол, құрылыс, жарық, жерге қатысты мәселелері біртіндеп оң шешімін табуда. Ал, ауыл шарушылығы, білім, денсаулық, мәдениет және туризим салалары да өсіп өркендеу үстінде. Мәселен,  қазір ауданға қарасты жер көлемі 1 млн. 200 мың гектардан асады. Соның ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жер көлемі 727 мың гектарға жуық. Оған әр түрлі дақылдар мен шөп өсірілуде. Суармалы жерлерге жіберілетін су қоры да жеткілікті. Осыған байланысты, былтыр 821 млн  теңгеге Қапал, Ақсу ауылдарының су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары  жүргізілген.          Сондай-ақ, Көкөзек, Қарашілік, Шолақөзек, Ойтоған ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта құрылымдау және салу жұмыстарына облыстық бюджеттен барлығы  300 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жалғасуда.

Баспасөз мәслихатын қорытындылап, тілшілердің түрлі сауалына жауап берген Есім Сейілханұлы енді облыс әкімінің тапсырмасына сай, көпбалалы  және тұрмысында қиыншылығы бар жанұялардың жағдайына баса  көңіл бөлініп, олардың баспана алуына, басқа да көмектер көрсетудің жолдары қарастылып жатқанын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK