Жамбыл ауданында биыл жобалық құны 35 млрд. теңгені құрайтын цемент зауыты ашылып, 400 адам жұмыспен қамтылмақшы. Бұл туралы аудан әкімі Бағдат Әлиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатта айтты.

Бағдат Байшалұлының айтуынша, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды түрде жүріп жатыр. Мәселен, ауыл шаруашылығының өнімі былтырғы жылмен салыстырғанда  5 млрд. теңгеге артып, 47 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 3,3 пайызға өскен.

Сонымен қатар, Жамбыл ауданы ірі-қара малын өсіруден бірінші орында тұр. Өткен жылы ет өндірісі 23 мың тоннадан асып, 130 тоннасы экспортталған. Одан бөлек, 47 мың тонна сүт алынып, жоспар 102 пайызға орындалған.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында ауыл шарушылығы бойынша  жүз мың гектардан астам жер электронды алқаптар базасына енгізілген.

Ал, өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 3 млрд. теңгеге артып, нақты көлемі 1,5 пайызға жеткен. Осы жылы шағын және орта бизнес жіті назарға алынып, жаңа жұмыс орындары ашылмақшы. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 132 адам 500 млн. теңгемен қаржыландырылған. Және ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеге ұлғайтылды.

«Біздің ендігі басты міндетіміз – қолда бар әлеуетті толық пайдаланып, «Қазақстан – 2025» стратегиясының негізінде Елбасы айқындап бергендей әр жұмысымыздың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізу», — дейді Бағдат Әлиев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK