Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде Алматы облысының белгілі жазушысы, әрі ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің иегері, «Талдықорған» газетінің тілшісі Айдын Кәлімханның «Беу, дүние!» атты жастармен кездесуі өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Қарымды қаламгермен жүздесуге колледж студенттері көптеп жиналды. Негізінен, бұл шараның өтуіне автордың соңғы уақытта жарық көрген «Қашқын» деректі романы арқау болып отыр. Осыған орай шығармадағы басты кейіпкер Сағидолла Досжанұлының үлкен ұлы Үсен Сағидоллаұлы мен Сағидолланың кенже баласы Мұрат Сағидоллаұлы да білімгерлердің қасынан табылды.

Жасырары жоқ кезінде ұлтын, тілін, дінін, ұрпағын аман сақтап қалу жолында жер жүзіне тарыдай шашырап кеткен қазақ халқы небір нәубетті бастан өткерді. Соның ішінде қазақтың бетке ұстар қаймақтары қай елде де алдымен нысанаға алынып, қуғын-сүргінге ұшырап отырған. «Қашқын» деректі романында өткен ғасырдың 60-70 жылдары аралығында қытай елінде жазықсыз түрмеге тоғытылып, абақтыдан үш мәрте қашып, мың бір жапамен әйгілі барса-келмес атанған Такламакан шөлінен атажұртқа оралған қандасымыз Сағидолла Досжанұлының тағдыры баяндалады. Оқиғада Сағидолланың атажұртқа жету жолындағы сағынышы, өр рухы, жасаған ерлігі, сол замандағы жұрт тағдыры, тарихи болмыстар қаз-қалпы әрі толық қамтылған. Шығарма өмірде болған шынайы оқиға желісімен және кейіпкермен бір қапаста болған азаматтардың нақты мәліметтері бойынша жазылған.

Кездесуде алдымен Айдын Кәлімханның шығармашылығынан сыр шертетін шағын фильм көрермен назарына ұсынылды.

Жалпы, әдебиетті руханияттың үлкен бір нарығы деп алсақ, қаламгер сол нарыққа тауар өндіруші тұлға, ал, оқырманды сондағы тұтынушы деп қарастыруға болады. Сондықтан оқырманы көп автордың әдеби бәйгеде қашанда аты өзгелерден озық келетіні анық. Айдын Кәлімхан сол оқырмандардың жүрегінен орын тапқан қаламгерлердің бірі. Бұл сөзімізге «Қашқын» романының «Алтын қалам» байқауында бас жүлдені ұтып алғандығы дәлел. Ол жастайынан ұлы Абайдан бастап, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев сынды ақындардың шығармаларын бойына сіңіріп өскен. Айтуынша, бүгінде солардың 500-ге тарта өлеңін жатқа оқиды.

«Менің жастық шағым қытай жерінде өткендіктен, қазақ ақындарының шығармаларына қолым жете бермеді. Егер қазіргідей мүмкіндік болса, бұдан да көп өлеңді бойыма сіңірер ме едім…», — дейді қаламгер.

Айдын Кәлімхан негізінен әдебиетке проза жанрымен келіпті. Кейіннен бойындағы шабыттын өлеңмен өрнектегісі келді ме, поэзияға ауысқан.

«Маған көбісі «Осы сен қызықсың, елдер өлеңмен бастап, кемеліне жеткен кезінде проза жанрына ауысып жатады. Ал, сен керсінше, прозамен бастап, поэзияға ауысып кеттің» деп айтатындары бар. Мүмкін солай болуы керек шығар, соңғы кездері қос тізгінді қатар ұстап жүруіме тура келді», — дейді жазушы.

Сонымен қатар, Айдын Кәлімхан жиын барысында «Қашқын» деректі романын ұзақ ізденіспен жазғандығын атап өтті. Оны жарыққа шығару жолындағы қызықтарымен де бөлісті. Арасында кездесудің шырайын кіргізе түсу үшін жас буынға өзінің бірнеше өлеңін тебіреніспен оқып берді.

Өз кезегінде сөз алған «Қашқын» романындағы басты кейіпкердің ұлдары авторға ризашылықтарын білдіріп, әкелерінің ауыр тағдыры кітап болып шыққанына қуанышты екендіктерін жеткізді.

Осыдан кейін білімгерлер қаламгерге түрлі сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Кездесу соңында ақынның өлеңдерін жатқа оқыған жастар мен жақсы сұрақ қойғандарға «Қашқын» романы сыйға тартылды.

Сонымен қатар, колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлжанат Жақыбаева жастармен кездесуге арнайы уақыт тауып келген Айдын Кәлімханға алғысын білдіріп, шығармашылығына табыс тіледі.

Сол жақтағы Сағидолланың үлкен ұлы Үсен, ортадағы Айдын Кәлімхан және оң жақта тұрған Сағидолланың кенже баласы Мұрат

Айта кетейік, бұл шара Талдықорған қаласы ішкі саясат бөлімінің мұрындық болуымен өтіп отыр. Алдағы уақытта мұның заңды жалғасы болмақ. Яғни, «Жастар жылы» аясында шығарма авторының өзге де жас буындармен кездесуі өтеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK