Кәсіби шеберліктерін шыңдады

157
Фото авторы А.Нұршанов

«Хабар 24» телеарнасының Лондондағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы мен «Atameken Business Channel» телеарнасының бас продюсерінің орынбасары  Ерболат Мұхаметжан БАҚ өкілдеріне семинар-тренинг өткізді.

Фото авторы А.Нұршанов

Алғаш болып сөз алған Ғалымжан Қараманұлы күрделі сала саналар медиа менеджмент негіздеріне кеңінен тоқталды. Мемлекеттік хабар тарату, медиа экономика, телевизиялық өндіріс, жарнама, отандық және шет елдік өнімдер, аудиовизуалды контентті халықаралық деңгейде саудалау сынды маңызды мәселелер жөнінде баяндады. Ұлыбританияда білім алған тілші бұл тәжірибенің сәтті болғанын атап өтіп, жас журналистерге кәсіби деңгейін арттыру мақсатында әлемнің озық университеттеріне баруға кеңес берді. Сондай-ақ, викториналық сұрақтар қойып, белсенділік танытқан қатысушыларға Лондоннан арнайы әкелген сыйлықтарды табыстады.

Фото авторы А.Нұршанов

Келесі кезекте «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ерболат Мұхаметжан сұхбат алу барысындағы қателіктер мен маңызды мәселелерге тоқталып, тәжірибесімен бөлісті. «Негізгі мақсатымыз білгенімізбен бөлісу. Қазақстанда сапалы аналитикалық бағытта жұмыс жасайтын БАҚ аз. Салалық бағытта жасаған жұмыстарымыздың нәтижесі, жеткен жетістіктерімізді айтуға тырыстық. Бізде  журналист — журналистика мамандығын бітіруі міндетті деген түсінік қалыптасқан. Менің жеке түсінігімде журналистика бұл — өнер.  Бір мамандықты сапалы түрде игеріп, кейін журналистикаға барса, сол сала бойынша нақты сауал қойылып, мәселе толықтай ашылады. Біздегі проблема журналистердің белгілі бір саланы толықтай меңгере алмауы. Қай бағытта журналист боласыз, сол бағытта терең білім алу қажет. Сол кезде жақсы нәтиже болады деп есептеймін» — деді. Елімізге белгілі журналистер мұндай келелі  кездесулердің жастар үшін маңызы зор екендігін тілге тиек етіп, шараны ұйымдастырған Алматы облысының ішкі саясат басқармасына алғыстарын білдірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK