Бүгінде Алматы облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасын қолдау мақсатында арнайы әлеуметтік карта әзірленуде. Нақты мәліметтерге  жүгінсек, өткен жылы өңірде 234 мың адам 14 млрд. теңгеге жуық әртүрлі әлеуметтік көмек алған. Мұндай жұмыстар жалғаса бермек. Бұдан сырт осы санаттағы азаматтарды қолдауға биыл  тағы да 3 млрд. теңгеге жуық қаржат бөлініп, көпбалалы жанұялар үшін облыс орталығынан 2 көпқабатты тұрғын үй салу жобасы қолға алынған. Әрі дәл осындай жанұяларға коттеджді қалашықтан тұрғын үй де берілмек. Бұл туралы аймақ әкімі Амандық Баталовтың  облыс орталығы Талдықорғандағы халықпен есепті кездесуінде айтылды.

Осыған дейін атқарылған істерді қорытындылап, алдағы жоба-жоспарлар туралы баяндама жасаған Амандық Ғаббасұлы:  — 2018 жыл облысымыз үшін табысты болды. Аймақтың жалпы өнімі 3,5 пайызға өсіп,  2,7 трлн. теңгеге жетті. Атап айтқанда, өңірге 574 млрд. теңге инвестиция тартылып, 31 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Соның нәтижесінде  аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға төмендеп, бюджеттік  түсім 387 млрд. теңгені құрады.  Сондай-ақ, халықтың ұзақ жылғы қалауы орындалып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Райымбек, Кеген аудандары қайта құрылды. Облыс  тұрғындарының саны 2 миллионнан асып, республикадағы ең ірі аймаққа айналды. Әрі Елорданың 20 жылдығына Астананың төрінде жаңартылған «Жетісу» саябағы ел көңілінен шығып, Елбасы облыс жұртшылығының еңбегіне жоғары баға берді.  Жалпы, аймақ экономикасының тұрақты өсуі Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың жемісі»  – деп, атап көрсетті.

 

 

Осы орайда, білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, ауызсу, жол, жарық пен жылу тағы басқа да әлеуметтік салалардың дамуына жеке-жеке тоқталған өңір басшысы:  — Өткен  жылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 700 млрд. теңгеден асып, агроөнеркәсіп кешеніне 82 млрд. теңге инвестиция тартылды. Білім саласында 9 жаңа мектеп салынып, 30 нысан күрделі жөндеуден өтті. Ал, денсаулық сақтау саласы бойынша 15 жаңа нысан пайдалануға беріліп, биыл 12 ғимараттың құрылысы басталды. Аймақта «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алғысы келетіндерге 1 млн. теңгеден тұрғын үй сертификаттары  таратылмақ. Бұл мақсатқа 300 млн. теңге қаражат қарастырылуда. Сонымен бірге, аз қамтылған және көпбалалы отбасының балабақшаға баратын, мектеп жасындағы балалары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылып,  жоғары  оқу орындарына түсушілерге жыл сайын қосымша 100 грант бөлінбек. Қазір аймақта 32 мың бала ыстық тамақпен, мектеп формасымен жазғы демалыспен қамтылды» – деді.

Осыдан соң тұрғындар сауалына құлақ  түріліп, тиісті жауап қайтарылды.  Талдықорған қаласының тұрғыны Тұрсын Әбдуәлиев: – Қазір аймақта газбен жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. Онда мұқтаж және мүгедек жандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған – деген еді.

Оған аймақ әкімі:  – Мұндай азаматтарды табиғи газға жеңілдікпен қосу мәселесі басты назарда. Бұл мақсатта  арнайы 500 млн. теңге бөлінді.  Осы орайда тағы бір айта кететін мәселе бұған дейін облыс орталығындағы 42 мың оқушы, жоғары оқу орындарының білімгерлері, зейнеткерлер қоғамдық көліктерде тегін жүретін. Енді  көпбалалы аналар да тегін жүретін болады. Ол үшін  қосымша 200 млн. теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін 16 мың жер үйге 96 млн. теңгеге ысты ерте анықтайтын қондырғы орнатылатын болады, – деді.

Қорытып айтқанда, үш сағатқа созылған облыс әкімінің есеп беруінде ауызсу, жол, жер, баспана және жеке мәселелер бойынша әркім әр түрлі  өтініш айтып, толықтай қанағаттанарлық жауап алып қайтты. Соның ішінде белгілі журналист Қозыбай Құрманның Жетісудың төл тумасы, танымал ақын Жұматай Жақыпбаевтың атына көше берілсе деген талабын орынды деп санаған Амандық Баталов көп өтпей  ақын атына көше берілетінін жеткізді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK