Биыл Ұлы жеңіске -74, Қазақстан қарулы күштерінің құрылғанына ­­­- 27,  Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына ­- 30 жыл. Осыған орай, Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 орта мектепте Ауған соғысы ардагерлерімен арнайы кездесу өтті. Оған аталған білім шаңырағының жоғары сынып оқушылары мен ұстаздары және БАҚ өкілдері шақырылып, бірнеше  майдангер  қатысты.

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» тақырыбында өткен жүздесуде мектеп директоры Самғат Долаев:  «Бұл шараның басты мақсаты ­– оқушыларға Ауған соғысы жайлы толық мәлімет беру, ардагер ағалармен ашық әңгіме өткізіп, сұхбат құру. Ата-бабалардың, аға-буын батырлардың қайталанбас қайсарлығын үлгі-өнеге тұтып, қаза  болғандардың рухына тағзым ету, Осы арқылы   жастарды елін, жерін, Отанын  сүюге, халқына  адал қызмет  етуге   тәрбиелеп, олардың бойындағы достық, адамгершілік қасиеттерін, патриоттық  сезімдерін дамыту» – екенін жеткізді.

Осыдан соң оқушылардың концерттік бағдарламасымен жалғасқан кездесуде жеке-жеке сөз алған Ауған соғысы ардагерлері, Ауған жеріне азаматтық борышын өтеуге барған біздің көптеген азаматтарымыз көз жұмып, ағаш табытпен оралды. Кейбіреулері аяқ-қолдарынан айырылып, өмірлік мүгедекке айналды. Биыл сол соғыстың аяқталғанына 30 жыл толды. Енді мұндай нәубет  еш қашан қайталанбасын. Алла Тәуелсіз елімізге, ұлан-ғайыр жерімізге мәңгі тыныштық берсін! – деп ізгі тілектерін арнады. Сонымен бірге олар жастарды бүгінгідей бейбіт күннің қадір-қасиетін бағалап, ұлтымыздың діні, тілі, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпы сынды баға жетпес құндылықтарын сақтай білуге шақырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK