Ілияс ақынның айқын жолы

911
дереккөз

Мектептегі білім-тәрбие жұмыстарының жүргізілу барысында кітапхананың атқарар рөлі орасан зор. Білімдіден шыққан сөзді талаптыға кезіктірер алтын көпір – кітапхана. Ал оқушылардың кітап оқуға қызығушылықтарын тудыру – кітапханашының басты мақсаты. «Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы» КММ-нің кітапханашылары оқушылар арасында түрлі іс-шараларды өткізуді дәстүрге айналдырған. Елімізде еніп жатқан жаңартулар назарымыздан тыс қалған емес. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында мектеп басшылығымен бекіткен жоспарға сәйкес ай сайын жүргізіліп жатқан жұмыстар жемісін беруде.

 Атап айтқанда, «Латын әліпбиі — өркениет жолы» тақырыбындағы көрме кітапхана сөресінде әлі күнге оқырмандарын күтуде. Қазақтың қылқалам шеберлері, мәдениет қайраткерлері туралы оқушыларға  мәлімет беру, қызығушылықтарын тудыру – қазақ әдебиеті пәні ұстаздары бастап, кітапханашы жалғастыруы тиіс күрделі іс. Сондықтан да  Елбасы Н.Ә.Назарбаев,  Алаш арыстары М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов және атақты суретші Ә. Қастеев – кітапханамыздың тұрақты «қонақтарына» айналған.

Ілияс  Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай  «Жыр дүлдүлі» тақырыбында  еске алу сағаты өтті.  Мектеп-гимназиясының кітапханашылары жаңа жылдың алғашқы күндерін ақын шығармашылығына арнап, сынып жетекшілері  Қ.Бижігітова  мен  И.Қабылқақова бастаған 6-сынып оқушыларын әдеби экскурсияға шақырды. Саяхат барысында оқушылар сөз шеберінің жүріп өткен жолдарын, шығармашылығын еске түсірді. «Бүгінгі шарамыздың мақсаты — келешек жастарға, жасөспірімдерге бар рухани қазынаның қадірін жеткізіп, мәңгі мұра  сусынымен сусындату, үлкен мақсатқа, ел алдындағы борышқа баулып өсіру. Осы жолда қазақ әдебиетінің классигі және негізін қалаушылардың бірі -Ілияс  Жансүгіровтің шығармашылығы айырықша  көңіл бөлінді.

Ілияс ақын біле білгенге, маржан сөздің қайнар бұлағы.  Осың өлкенің  тумасы екенін де біле жүргендерің абзал. Біздің қаламыздағы маңдайалды жоғары оқу орнына  ақынның есімі берілуі тегін емес. Оның мұрасы тек қазақ емес, бүкіл кеңес әдебиетінің қазынасына қосылған асыл мұра болып есептеледі» деген кітапханашының  алғысөзімен басталды.

Оқушылар да өз кезегінде шарадан тыс қалмады. Ақын ескерткіші жанында шабыттары шарықтап, мерейтой иесінің «Ағынды менің Ақсуым», «Жетісу суреттері», «Бұлақ басында», «Көкшетау» атты өлеңдерінен үзінділерді нақышына келтіре оқыса,  аталарына еліктеген жас ақындар өздерінің арнау өлеңдерін ұсынды.

Кітапханашылар  өрендерді  облыс орталығындағы   І.Жансүгіровтің  мұражайына көруге шақырды.  Оқушылар ақынның есіміне берілген көшемен серуендеп, Мәдениет сарайына барып қайтты.  Ақын  аталары туралы білімдері толыса түскенін айтқан оқушылар  шараны ұйымдастырушы кітапханашыларға алғыстарын білдірді.

                                                                                               Ардақ  Баймұханова,

Абай атындағы  №1орта мектеп – гимназиясының кітапхана меңгерушісі.

 

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK