Талдықорғанда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Өңірлік «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы өткен жылы атқарған жұмыстарын баяндады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы жоспарлап отырған шаруаларымен бөлісті.

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайдың сөзіне сүйенсек,  «Жаңғыру Жолы» штабымен бірлесе «Мен қазақша сөйлеймін»,  «Жастар синэнергиясы», «Барлығы сіздер үшін оқушылар» сынды форумдармен қатар, қазіргі қоғамға қажетті   қайырымдылық акцияларын өткізуде. Бұл жобаның ерекшелігі әр айды  қазақ салт-дәстүріне сай келетіндей етіп, қаңтар айын сарқыт, ақпан айын сыбаға деп атап, тұрмысы төмен жандарға көмек қолын созу жұмыстары атқарылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, Ғылыми зерттеулер нәтижесін коммерциализациялау офисінің директоры Дамир Дигаймен бірге «Өзіңді көрсет», «Менің бастамам-2018» атты стартап жобалар мен байқаулардың өткізілгенін мәлімдеді.

Д. Анатольевичтің дәл осы стартаптық тың  жоспарлар тасада қалып қоймай, жүзеге асырылуына мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінгенін хабарлап, дарынды жастарды ойларын ортаға салуға шақырды. Және де осы секілді  байқаулар өткізу бұдан кейін де жалғасын табатынын айтты

Өз кезегінде сөз алған «Жаңғыру Жолы» штабының төрағасы Руфина Усанова Елбасы Н. Назарбаевтың 2019 жылды – Жастар жылы деп жарялауына байланысты штабтың бастауымен моральдық және рухани тәрбиелеуге негізделген жоспарлар жастарға жол тартқанын айтты. Олардың ішіне мастер класс, тимбилдингтармен  қатар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2018 жылғы жеңімпазымен мотивациялық кездесулер ұйымдастыру көзделіп отырғанын жеткізді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK