Бүгінде жекеменшік секторлардағы электр қуатын есептейтін құрылғылардың басым бөлігі ескірген. Тіпті кейбір үйлерден 40 жылдан бері қолданыста келе жатқан индукциялық есептегіштерді байқауға болады. Олар қолданылған электр қуатын аз санаса, енді бірінікі керісінше көп. Демек, мұның барлығы қазіргі таңда талапқа сай емес. Осыған орай «ТАТЭК» акционерлік қоғамы тұрғындардан ескі құрылғыларды электронды есептегіш құралға алмастыруды талап етуде. Бұл туралы бізге Талдықорған электр желілері ауданы басшысының орынбасары Асылбек Нұрсалханов айтып берді.

Тұрғындар тарапынан біз айтып отырған жаңа құрылғының қажеті қанша деген өзекті сауал туындауы мүмкін. Себебін тарқатайық. Асылбек Шәйбекұлының айтуынша, бұл жұмыстар ҚР Энергетика министрлігінің 2015 жылы қабылдаған арнайы заң талаптары негізінде іске асырылуда. Негізі, мемлекеттік стандартқа сәйкес есептеуіш құрылғы белгілі бір кезең сайын тексеріліп тұруы қажет. (Мәселен, 1 фазалық есептеу құралдары үшін – 16 жыл)

Индукциялық есептегіш құрылғы

Мамандар көне есептеу құралының дәлдігі 2,5 пайызды құрайтынын айтады. Бүгінде олардың басым көпшілігінің жарамдылық мерзімі біткен. ҚР Электр құрылғыларын орнату ережесіне сәйкес, мұндай есептеу құралдарына жөндеу және тексеру жүргізуге тыйым салынған. Себебі, есептеу дәлдігі 2,5 пайыздық құралдар 1997 жылдан бастап өндірісте шығарылмайды. Сондықтан ескі индукциялық есептеу құралдарын,  есептеу дәлдігі 2 пайыздан төмен жаңа электронды құралдарына ауыстыру қажет.

«Ескі индукциялық есептегіштерде 10 немесе 16 ампер орнатылған. Олар 2 киловатт жүктемені ғана көтере алады. Мәселен, үйде қолданатын электр ет тарқышы 1,5 киловатты құрайды. Енді қараңыздар, қазір көбісінің үйінде қысқа толқынды пеш, тоңазытқыш, теледидар, компьютер, су жылытқыш сынды тұрмыстық техникалар жетіп артылады. Оның барлығы үлкен сыйымдылықты қажет еткендіктен, біз айтып отырған ескі индукциялық есептегіш құралдар оны көтере алмайды. Содан барып өрт шығуы әбден мүмкін. Халық осыны ескерсе екен», — дейді Талдықорған электр желілері ауданы басшысының орынбасары Асылбек Нұрсалханов.

Электронды есептегіш құрылғы

Талдықорған қаласының дүкендерінде орташа бағамен алғанда бір фазалық электрондық есептеу құралдары 3500-4000 теңге тұрады. Тұтынушы  есептеу құралын сатып алған соң, ескертпеде көрсетілген абоненттік бөлімге хабарласып, оны қашан орнататыны жайлы келісе алады.

Сондай-ақ, қазіргі таңда «ТАТЭК» акционерлік қоғамы электр желілерін жаңғырту аясында «PLC» модемі бар «SANAU» (электр энергиясының өлшемін автоматты түрде басқару) құрылғысын орнатуда. Бұл есептегіштерді ауыстыру «ТАЭТК» АҚ-ның есебінен жүргізілгендіктен аталмыш құрылғы тұрғындарға тегін орнатылады.

Яғни, осыдан кейін электр қуатын бақылаушы әрбір үйге ай сайын барып, көрсеткіштерді жазып жүрмейді. Барлық ақпарат жүйе арқылы деректемелер негізіне түсіп тұрады. Көрсеткіштерді жазып алу процесі уақытылы және нақты анық жасалады. Тиімділігі сол, тұрғындардың интернет-банкинг арқылы төлем жасауына мүмкіншілік бар. Сонымен қатар, осы есеп құралы арқылы үнемі ақы төлемейтін тұтынушыларға шара қолдануға болады. Егер абонент ақы төлемеген жағдайда, бұл жүйе электр қуатының берілуін шектеуге немесе мүлдем өшіріп тастауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, электр қуатын ұрлаған жағдайда немесе есеп құралының жұмысына тосқауыл қойылып, кедергілер жасалса, деректеме негізіне автоматтандырылған түрде дабыл қағылады.

«Жаңа құрылғы арқылы пайдаланған электр қуатына тәулік аймағы бойынша есеп жасауға мүмкіндік пайда болды. Жүйенің жаңа есеп құралдары күн мен түн тарифтері бойынша есептейді. Айта кетейік, бұл есеп құралдарының санау мүмкіндіктері жоғары, яғни, өте сезімтал. Мәселен, ұялы телефондарымызды қуат көзіне қойғанда ескі құрылғылар мұны елемеуі мүмкін. Ал, бұл құрал азғантай күшті де сезіп тұрады», — дейді А.Нұрсалханов.

Сондай-ақ, электр энергиясының өлшемін автоматты түрде басқару жүйесі пайдаланған электр энергияның техникалық және коммерциялық ысыраптарына сараптама жасайды. Яғни, «SANAU» есеп құралы жіберілген электр қуатын бақылауға және қай учаскелерде ысырап болғаны туралы ақпарат береді.

Электр желілері ауданы басшысының орынбасары Асылбек Шәйбекұлы аталған жүйе қызмет сапасын арттыратынын айтады. Бүгінде қала бойынша 57 мыңдай тұтынушы болса, соның 40 пайызы жаңа «SANAU» есеп құралына ауысқан. Мамандар ең алдымен ескі есептеуіш құрылғылары бар үйлерге жаңа жүйені орнату үстінде. Болашақта «ТАТЭК» акционерлік қоғамы қала тұтынушыларын осындай есеп құралына толық ауыстыруды көздеп отыр.

«Үстіміздегі жылы Талдықорған қаласына қарасты Өтенай мен Еркін ауылдарын қамту жоспарымызда бар. Біз ең алдымен ондағы трансформаторларды, тоқ жүретін желілерді ауыстырмақпыз. Онсыз жаңа жүйе жұмыс жасамайды. Егер бөлінген ақша жетіп жатса, ол елді мекендерге жаңа есеп құралдары да орнатылады», — дейді А.Нұрсалханов.

Бір ескеретіні, тұрғындар ескертпе беріп ауыстырып жатқан есептеу құралдарымен жаңғырту аясындағы «SANAU» есеп құралын шатастырмауы керек.

Айта кетейік, биыл электр қуатын пайдалану 1 теңге 87 тиынға арзандап отыр. Қазір жеке тұтынушылар электр энергиясының бір киловатына 14 теңге 68 тиыннан төлеуде. Өткен жылы бұл көрсеткіш 16 теңге 55 тиынды құраған. 

ТҰРҒЫНДАР НАЗАРЫНА

Құрметті тұтынушылар! Сіздерге есептеу құралын ауыстыру жөнінде ескертпе берілген болса, түсінушілікпен қараңыздар. Ауыстыру жөнінде ескертпе, тек, есептеу құралдары ескірген, жарамдылық уақыты біткен, тексеру уақыты өткен көне есептеу құралдары бар тұтынушыларға беріледі. Ескерту алғандар жауапты мамандармен хабарласып, қандай құралдарды тексертуге болатынын, ал, қандай құралдарды жаңасына ауыстыру туралы және жаңа құралдардың қандай түрлерін алу керектігін сұрап білгендігі жөн.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK