Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толуына арналаған Алматы облысы суретшілерінің «Ауған соғысы ұмытылмайды» атты жинақталған көрмесі ұйымдастырды.

Ауғанстан соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі.

1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылғы 25 желтоқсанда Мәскеу уақыты бойынша сағат 15.00-де КСРО Қорғаныс министрінің берген бұйрығымен Ауғанстанға қеңес әскерлерін енгізу басталды. Командирлер: «Бұл қысқа мерзімдік акция, тапсырманы орындаймыз да кетеміз»- деді. Ал бірақ «акция» тоғыз жылдан астам уақытқа созылды.

1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпаны аралығында болып өткен Ауған соғысына КСРО аумағынан 620 мыңнан астам жауынгер мен офицер қатысты. Осы соғыста Кеңес Одағынан 15 мың 51 адам оққа ұшып, 118 ұшақ, 800 танк және 11 мың 369 әртүрлі әскери техникалар жойылып кетті. Ал Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны – 22 мың 269 жауынгер. Соғыс даласында Қазақстан 924 боздағынан айрылды.

Жар құшып, бала сүйіп үлгермеген 1015 жас елге мүгедек болып оралса, 22 солдат іс-түзсіз кетті. Көркемөнер галереясында Ауған соғысы ардагерлерін құрметтеп, өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар ерлігін үлгі ету, Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу, жастараға патриоттық тәрбие беру мақсатында Алматы облысы суретшілерінің туындыларынан жинақталған көрме ұйымдастырылып, Ауған соғысының ардагері-суретші Ерғали Әбдірасиловтің графикалық жұмыстары, Б.Римова атындағы театрдың қоюшы-суретшісі Қарлығаш Шалабаева, ҚР СО Алматы облыстық филиалының төрағасы Ермұхан Жүнісхан, «Балалар көркемсурет мектебінің» ұстаздары Әлия Бакирова, Бақтыбай Найзабеков және т.б. суретшілердің 20-дан астам жұмыстары көрермендер назарына ұсынылып отыр.

Көрменің ашылу салтанатында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Көлбаев Марлен Қапашұлы ардагерлерді құттықтап, «Жетісу өңірінің суретшілері» атты кітапты табыстады. Келген қонақтар: Алматы облыстық Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық қорының хатшысы Сәрсенбинов Бейбіт Жақыпбекұлы, ардагерлер Овчиннеков Николай Николаевич және ҚРСО мүшесі Абдрасилов Ерғали Мырзатайұлы өз ойларымен бөлісіп, ризашылықтарын білдірді. Көрмені ардагерлер мен облыс суретшілері, Талдықорған гарнизонының әскери борышын өтеушілер және жалпы өнер сүйер қауым тамашалады. Көрме 14 ақпаннан 14 наурызға дейін көрсетілімде, келіңіздер көріңіздер!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK