Бүгін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Талдықорған қаласының әкімдігімен бірігіп, жылыту маусымында орын алатын апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрғындарға түсіндіру шарасын өткізді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Айта кетейік, 16 ақпан – еліміз бойынша «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі күні» болып жарияланып отыр. Осыған орай арнайы мамандар Талдықорған қаласындағы тұрғын үйлерді аралап, адамдарға жылыту пештерін қолданар кезде өте сақ болу керектігін ескертті. Айтуларынша, жылыту пештің құдығын қыс мезгілінде екі рет тазалаған абзал. Сондай-ақ, пештің үстіндегі плита жарылмаған болуы керек және оның қасында тез жанып кететін заттардың тұрғаны дұрыс емес.

«Мәселен, көп адамдар пештің үстіне аяқ киімдерді кептіру үшін жайып қояды. Бұл әрекет өрттің шығуына алып келеді, осыны ескеру керек», — дейді ТЖД мамандары.

Төтенше жағдайлар департаменті түсіндіру жұмыстарынан бөлек, тұрғын үйлерде ұлы газды анықтайтын арнайы құрылғыларды орнатты. Бүгін алдымен көпбалалы отбасылардың үйлеріне дәл осындай құрылғының 10 данасы қойылды. Одан кейін тұрмысы төмен жанұяларға орнатылмақ.

Мамандардың айтуынша, пештен шығатын улы газ көзге көрінбейді, исі сезілмейді. Егер үйде осындай жағдай тіркелетін болса, бұл құрылғы дабыл қағып, үй иелеріне ескерту белгісін береді. Аталмыш құрылғы батарейкамен жұмыс жасайды, жарамдылық мерзімі үш жыл.

«Бізде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы топ құрылған. Олар күнделікті көшелерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, сенбі, жексенбі күндері осыған күш саламыз. Сонымен қатар, Талдықорған қаласының коммуналдық және орталық базарларында дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін сақтау ережелерін айтып, халықты хабардар етудеміз», — дейді Талдықорған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ерлан Ахашов.

Аталмыш шараға Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев бастаған қызметкерлер де қатысты. Жұмыс барысында шаһар басшысы «Қызыл тас» саяжайына барып, көктемде қар суы ағатын арналарды көрді. Қазір онда арықтарды кеңейтіп, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі төтенше жағдайларға жүз пайыз дайын болу керектігін ескертіп, жауапты мамандарға бірнеше тапсырма жүктеді.

«Күн жылынған кезде бұл маңда су деңгейі көтерілетінін білесіздер. Сол себепті қазірден бастап барлық инертті материалдарды әкеліп, қаптарды толтырып дайындап қою қажет. Керек кезінде осының барлығын тасудың өзі күш, босқа уақыт жоғалтамыз», — деді Д.Шалтабаев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK