Қайғылы жағдай  ақпанның 15-не қараған түні яғни, сағат 01:00 шамасында  орын алған. Марқұм болғандардың қатарында 1947, 1960 және 2015 жылы туған үш адам болғаны анықталған. Сонымен қатар, 2011 жылғы бір бала ауруханаға жеткізілген. Пәтер жалдап тұратын отбасындағы  екі баланың анасы қайғылы оқиға болған кезде көлік жуу станциясында түнгі кезекшілікте болған.

Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Алматы облысында тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өтті.Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары  Серікхан Тұраровтың айтуынша, апат болған үйдің иесіне бұрын барып пештің стандартқа сай салынбауына байланысты ескертіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Серікхан Жеңісұлы бұған дейін де  арнайы  рейд өткізіліп, 70 мыңнан астам тұрғындарға ескерту жасалғанын айтты. Сондай-ақ, ол жиын барысында улы газдан болатын қатердің алдын алу мақсатында ыстан сақтайтын құрылғыларды жағдайы төмен отбасыларына тегін орнату жұмыстары жүргізіліп жатқандығына тоқталды.

 ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Александр Пархоменко  және Талдықорған қаласы ШЖМҚ КМК «104» авариялық газ қызметінің  бас инженері Самат Отыншиев тұрғындарға әсіресе, қысқы уақытта сақтық шараларына байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Және де, қала халқына жылу жүйелерінің құрылысына бей-жәй қарамауларын сұрайды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел  Алматы облысы әкімдігі атынан марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтып,  психологиялық және материялдық көмек көрсетілетінін хабарлады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK