атбегі отбасымен Мұхтар Сапиорв
дереккөз

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.                      Нұрсұлтан Назарбаев.   

Бүгінде қазақ десе -жылқы, жылқы десе-қазақ  еске түседі. Ата-баба дәстүрін жалғастырып, ат жалын тартып мінетін, жылқының сын-сипатын, бабы  мен күтімін бес саусақтай білетін атбегілер арамызда бар. Сондай шын тұлпарды тұрысынан танитын атбегілердің бірі- Мұхтар Сапиров. Қапал ауылында тұратын  Мұхтар Абыханұлы атбегілік, ат баптау өнері ата-бабамның,  қазағымның қанында бар қасиет дейді. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау өнерді  «Ермұхан» шаруа қожалығының басшысы   өзінің өміріндегі ең құнды қазынасына балайды.

Осы атбегілік деген ерекше қасиет деп жатады. Бұл ат баптау, жаратуға көңіл бөлу   қалай  пайда болды?

— Ат десе, жылқы десе жүрегім өрекпіп, көңілім алаңдап кететін. Жақсы көруімнің себебі де жоқ емес қой. Ата-бабамыздан мирас болған. Атбегілік қазіргі кезде де  бар, соны дамытуымыз керек. Кезінде   нағашыларым  мыңды  айдаған  ауқатты адамдар болыпты. Анам башқұрттың қызы еді. Атқа деген қызығушылығым ерекше болды. 5 жасымда асау үйреттім.

-Өз ісіңді қалай дамытып жатырсың?  Бәйге аттарын баптау, бағып-күту қиын емес пе?

 

— Бүгінде  қолымда жалпы  жеті тұлпар бар.  Бірақ  олардың ішінде көкпарға салатын жылқылар да бар. Ал, ең дүлдүлі – «Кердауыл» мен « Чика» есімді сәйгүлік.  Бабы мен бағы келіскен есік пен төрдей сәйгүліктің күтімі де ерекше.

  Жалпы,  шын тұлпардың  жүйріктігін  танып білу оңай емес. Бәйгенің  өзіндік бабы болады екен. Мәселен, жайлаудағы жайылысы 30-40 күннен аспауы керек. Ерекше майланып кетсе, жақсы емес. Күзде бәйгеге қосатын атты тамыз айының басында ұстайды. Алғаш ұстаған күннен бастап, күндіз байлап, түнде шөбі таза, тақырлау жерге қысқа арқандап, әр күні 2-3 сағат аяңдатып,қинамай міну керек. Ал, бесінші күннен бастап біраз терлетіңкіреп таң асырылады.  Жылқының  жем-шөбіне де ерекше назар аударылады. Әр күні күн шыққан соң бір уақыт, кешке қарай бір уақыт қандыра суарады. Еті қатқан соң 20 күннен кейін алғашқы қара жарысқа шаптырады. Қазақта «терін алу» деген ұғым бар. Яғни, қара жарыста 2-3 шақырым шаптырып, бордақ терін алып, таң асырады. Тағы да 3-5 күн өткен соң 5 шақырым шаптырып, ащы терін алады.  Біраз күн демалдырып, 10 шақырым жүгіртіп, тұнық терін шығару керек. Міне, жүйрік әбден бабына келсе, атты бәйгеге қосуға болады.

 – Көп атбегілер жылқыны  бәйгеге   бабы келмей қосамын деп жаңылып жатады екен ғой…  

—  Иә,тұлпардың шын жүйріктігін тани білген абзал. Жүйрік баптау – түптеп келгенде атты шынықтыру деген сөз.  Жүйрік баптауға ден қойған адам әуелі, баптауға ұстаған жылқысының жай-жапсарын жақсы білуі керек. Жүйріктің табиғатына, бітіміне, сипатына байланысты оны жарату, баптау әдістері де әр алуан болады. Әрбір атбегінің ат баптау әдіс-тәсілі әр басқа. Жүйрік жылқы жергілікті табиғатқа, жайылған жеріне  қарай бапталады. Аттарды бәйгеге қосар кезде түнімен оның  жанынан кете алмаймын. Алдымен аттың жауырынын сипалап, одан кейін таға-шегесі мықты ма, бәрін тексеріп шығамын. Жылқы өте сезімтал.  Топқа қосылатындығын сезіп тұрады. Жақсылап бабы келіскен жүйрік қайта-қайта тезек тастап, көп есінеп, таранады. Кейбіреулерінің көз шарасына мөлдіреп жас толады. Бұл жайларға қарап  атбегілер «мына ат бәйгеден бірінші келеді екен» деп топшылайды. Күн сайын жем-шөбін мөлшермен  берген абзал. Күндіз, немесе, мініп жүргенде жем бермеу керек. Жүйрік аттың көп суығаны жақсы. Себебі, жүйріктің төрт аяғы мен өкпесін қорғау бәрінен маңызды.

 

дереккөз

 

 Жетістіктеріңе де тоқтала кетсең…

— Бабы қанған жүйрік шаппай қоймайды. «Чика» атты жүйрігім мәрте бәйгенің алдын бермеді. Аттың бабын келтіретін өзім болғандықтан,  ерекше күтім жасаймын. Бәйге аттары да спортшы тәрізді,  өз бабында болуы тиіс. Артық май еті болмауы керек.

Осы өңірде ұйымдастырылатын айтулы ат жарыстарына қатысып келеміз. Мәселен, «Алтын тұлпар»  бәйгесінде 50 шақырымда жүйрігіммен  жүлделі орындарды алып қайттық. Жүлде қорына тігілген 300 мыңның сыйын алған кезіміз естен кетпейді. 16, 21 шақырымда да бақ сынап көрдік. Енді « Кердауылды» ұзақ шақырымға  қоссам ба деген ойым бар. Бәйге аттарының сүйек бітімі ерекше болады. Негізінен, ағылшын, араб, поляк жылқыларының қандары салқын келеді. Шетелдік тұқым қымбат, жабағының өзі 1млн. теңгеден асатын шығар.

Аламан бәйгеде қазақы жылқылар шыдас бермей жатады. Әрине, қазақ болғаннан кейін осы жағы жанға бататыны бар.  Қазақы жылқылардың тұқымы  ұсақталып кеткені жасырын емес. Мендегі тұлпарлардың да тұқымы әртүрлі.  Оларды күтіп, баптауға  ешқашан ерінген  емеспін. Жылқы жанын түсіну жан рахатын береді. Ал көкпардың аттары да бар, олардың да өзіндік күтімі болады.

— Өз шаруашылығыңды қалай өркендетіп жатырсың?

—  Мінсе-көлік, жесе-тамақ, сауса-сусын болатын жылқының пайдасы орасан. Иә, жазғы уақытта 15 биеге дейін байлаймыз. Ауылдастар  асқа, тойға деп қымызға тапсырыс береді. Қысқа қарай  жылқыларды семіртемін. Жаз бойына жан жарым Ақшайын қымыз дайындап, бие сауады. Нұрмұхан, Мұхит, Нұриддин, Гүлзиха атты балаларымның алды  ат жалын тартып мінуге жарап қалды. Үлкенім атқұмар.

-Атам қазақ қамшың болса, досың да, малың да қасыңда дейді екен. Киелі өнердің қай түрі өзіңе жақын?

-Иә, «Жігітке жеті өнер де аз» дейді емес пе? Қамшының түр-түрін өреміз.  Жалпы  қамшы киелі бұйым. Оны теріні илеп алып, қайыстан дайындаймыз. Сабы тобылғыдан жасалады. Сүндет, дойыр,көкпар қамшы деген түрлері бар. Таспаның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Кейбір  ұл балалы бола алмай жүрген аналар қамшы жасап беруімді сұрап жатады. Сөздерін жерге тастамай жасап беретін кезім болады. Қазақ ырымшылмыз ғой, қамшыны екі бүктеп қояды. Үйге ырыздық келіп тұрсын деген  ниетпен.

-Атбегілік, қамшы жайындағы тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет. Еңбегіңіз жансын.

                       

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK