Қайта оралған «Тақиялы періште»

326
Фото авторы А.Нұршанов

Қазақ киносының өр туындысы саналған «Тақиялы періште»  кинокомедиясы араға 50 жыл салып қайта оралды. Аталмыш фильмнің кезекті көрсетілімі І.Жансүгіров атындағы  Мәдениет сарайында өтті.

Фото авторы А.Нұршанов

Әйгілі Тайлақ  атамыз дебютын «Тайлақтың тақиясы» фильмінде қайта жандандырды. Кинокомедия Шәкен Аймановтың КСРО кезінде түсірген туындысының жанданған, заманауи үлгісі. Фильмнің басты рөлдерін Әлімғазы Райымбеков, Роза Әшірбекова, Олжас Тоғымбетов, Әлия Даниярова  сомдады. Бұл туынды немересіне келін іздеген қарияның оқиғасымен ерекшеленеді. Өзінің ауыр дертке шалдыққанын естіген қарт немересінің жақын арада шаңырақ көтеріп, шөбере сүйгізгенін қалайды. Әлімғазы атамыздың «Тағы бір «Тақиялы періште» тақиямызға тар келмейді!»— деген сөзі рас-ақ. Бұл қазақ киносының алтын қорына тағы бір ерекше туынды қосылғанының  айғағы. « Араға 50 жыл салып «Тақиялы періште»  фильмін жандандырып «Тайлақтың тақиясы» деп шығарып жатырмыз. Негізгі мақсат көп уақыттан бері көгілдір экраннан көрінбей кеткен Әлімғазы атамызды қайта шығару және осындай қазақ киносының алтын қорына енген тамаша туындыларды жастарға үлгі-өнеге ету болатын. Әрбір қазақ ұл-қыздары атамыздай әдемі қартайсын !»— деді фильмнің бас продюсері Құсман Шалабаев.

Фото авторы А.Нұршанов

Көрсетілім соңында Әлімғазы Райымбеков пен Құсман Шалабаевқа Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев  ізгі тілегін жеткізіп, қазақы салтқа сай иығына шапан жапты. Ал, Құсман Шалабаев Әлімғазы атаға құрметпен «Қазақ тілі» атты тоғыз жұлдызды төс белгісін тақты. Шара соңында Әлімғазы атаның қолынан үйленбеген, тұрмыс құрмаған жастарға тақия таратылды.

Салтанат ИРҒАИПОВА.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK