Осыдан 30 жыл бұрын Кеңес әскері Ауған жерінен шығарылды. Кеңес әскерлері, оның ішінде қазақстандық жауынгерлер Ауған мемлекетінің тәуелсіздігіне, демократиясына қауіп төндірген ішкі жауымен күресіп, интернационалдық достық көмегін көрсетті.

Табаны күректей 10 жыл бойы «ауғандықтар» толарсақтан саз кешіп, Кабул, Джелалабад, Гүлхан, Кандагар сияқты жерлерде соғыс өртін кешті, жауынгер достарынан айырылды. Сондағы барлық жауынгер-интернационалистерді біріктірген жалғыз құдіретті күш – антқа адалдық, сертке беріктік, Отанға құрмет! Олар өздеріне жүктелген әскери міндеттерін адал, әрі қалтқысыз атқара білді.

Сол отты жылдардың ауыр азабы санадан өшкен жоқ, өшпейді де. Бұл күн көңілде сыз, жүректе із қалдырып кетті. Бүгінде Ауған соғысының ардагерлері еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп келеді. Сол жылдары Алматы облысынан 3500-ден астам адам аттандырылды, ал бүгінгі күні 1876 ардагер тіркелген.  Соғыс аяқталса да, тарих мәңгілік!

Құрметті, интернационалист-жауынгерлер, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Отанға қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болып ортамызда жүре беріңіздер! Абыройларыңыз асқақтай берсін!

 

подполковник Талғат Дәулетханов,

Алматы облысы Қорғаныс істері

жөніндегі департаментінің басшысы

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK