І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-де сатира саңлағы атанған Тұрлыхан Кәрімнің зейнетке шығуына байланысты білім ордаcы ұжымының ұйымдастыруымен шығарып салу кеші өтті.

Университет ректоры Қуат Маратұлы сатира сардарына болашақта шығармашылық табыстар тіледі. Оң пікірлерін, салмақты ойларын айтып, өзі табыс еткен арнайы сыйлығының мән-мағынасын бір ауыз жылы сөзімен аша түсті. Ізін ала мінберге көтерілген философия ғылымдарының докторы Аманжол Қасабек, замандасы Дүйсен Аңсабаев  жүрек жарды ізгі ниеттерін білдірді.

Аталмыш жиында сөз алған «Талдықорған» газетінің  бас редакторы Данияр Сейсенбаев: — Жәй азамат отбасындағы бала шағасын тәрбиелесе, оқытушы мұғалімдер алдындағы оқушылар мен студенттерді білім нәрімен сусындатады. Ал, сіз секілді қалам ұстаған жазушы милиондарды тәрбиелейді. Зейнет жасына жеткеніңіз құтты болсын. Жазатын шағыңыз енді келді, — деп жылы лебізін білдірді.Айта кетейік, Тұрлыхан Кәрім 1992-1997 жылдар аралығында қалалық «Талдықорған» газетінің тұңғыш редакторы қызметін атқарып, газет таралымының алғашқы мың жарым данасын 4-5 мың данаға жеткізген. Сондай-ақ, 2000 жылдардан бастап облысымыздың жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарды. 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін І.Жансүгіров атындағы оқу орынында сабақ беріп, университет газетінде редакторлық қызмет атқарып келді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK