Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл. Осыған байланысты, Алматы облысы  әкімдігінде арнайы қабылдау өтіп, 100-ден астам майдангерге құрмет көрсетілді.  Басқосу соғыста көз жұмған жауынгерлерді бір минуттық үнсіз еске алумен басталды. Жиналған қауым алдында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев ардагерлерге аймақ басшысы Амандық Баталовтың ізгі тілегін жеткізіп, мерейлі мерекемен құттықтады.

Сондай-ақ, Ақан Жылқышыбайұлы:  – Ақпан айының 15-ші жұлдызы  өткен ғасырдағы Ауған жеріне Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барған азаматтар үшін айтулы күн. Себебі, бұл күн талай жасты қыршынынан қиып, мыңдаған шаңыраққа қайғы әкелген 10 жылдық соғыстың аяқталғанын еске түсіреді. Кезінде Ауғанстанға қазақ даласынан 22 мыңнан астам азамат аттанса, оның 3701-і Алматы облысынан. Жалпы соғысқа барған жауынгерлердің  924-і қаза тауып, 21 адам із-түзсіз кеткен.  Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де жүректерге түскен жара еш жазылған емес. Жат ел, жет жердегі қарулы қақтығыста біздің отандастарымыз ерен ерлікпен өшпес өрліктің үлгісін көрсете білді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Жау жүрек бабаларымыздың, барлық аға буын ерлеріміздің ерлігі ұрпақа үлгі өнеге болуы тиіс» – деп атап айтқан болатын. Бүгінде аймағымыздағы Ауған соғысына қатысқан азаматтар ұрпақ тәрбиесінде және басқа да салада елеулі еңбек етіп, қоғамның дамуы мен өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Сіздердің әрбір игі істеріңізді кейінгі ұрпақ мақтан ететін болады» – деді.

 

Жиын барысында алдымен соғыста қаза тапқан бірқатар жауынгерлердің ата-анасына сый-сияпат табысталып, біраз азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен бірге жалпы қатысушыларға 30 жылдық мерекелік медаль және облыс әкімдігі тарапынан 100 мың теңгеден сыйақы үлестірілді. Бұл қаражат пен төсбелгі әрбір аудан, қалада тұратын ардагерлердің бәріне берілмек.

Осыдан соң облыстық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Жаңабаев майдангерлерге ақ тілегін арнап, жалпы ардагерлер атынан  аймақ басшысына алғыс айтты. Талдықорған қаласының тұрғыны Қайныкен Түгелбаева: — Менің ұлым 18 жасқа толған өзінің туған күнінде сол соғыста қаза тапты.  Мен оны жыл сайын еске алып, ерлігін мақтан етіп жүрген майдандастарына және осындай марапат ұсынып жатқан басшыларға айтар алғысым шексіз. Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын – деді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK