Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы біздің ұлттық ұлттық әдебиетіміздің үздік туындыларының көшін бастап тұр. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор.Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды толғайды.

Қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды да арынды ақыны, жыр дүдүлі Ілияс Жансүгіровті, әдетте, өзі шалқар шабыт, керемет құштарлықпен жырлаған Ақан серінің Құлагеріне ұқсастырады.Қос Құлагердің дүлдүлдігінде ғана емес, тағдыр жолында, қайғылы өлімдерінде де ұқсастық бар: «бәйгенің алдын бермейтін қас жүйріктерге ғана тән намыскерлікпен жанын сала зымырап бара жатқан Көктұйғынды омыраулап, кең тыныспен жүйткіп келе жатқан Құла пырақ межелі жер -Жыландысайға еңкейісте, үстіндегі баланың тізгінін босатып, тақымын сәл қымтып қалуы мұң екен, тасқын судай аға жөнеледі. Сол сәтте қалтарыстан тап берген қарақшы кер құланы маңдайдан айбалтамен періп өтеді де, қайран тұлпар қара жер қақ айырылғандай гүрс етіп құлап қала береді». Кемеліне келіп, ақындық бәйгесінде топтан озған тұлпардай суырылып алға шыққан шағында Ілияс та тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, жұлдыздай ағып түсті. Десе де, дарабоз дарын айналасы 10 жылда проза мен драматургияда, әсіресе, поэзияда әдебиетіміздің алтын қорын айтулы туындылармен толықтырды. Биыл осы аталған жыр дүлдүлі, қазақ поэзиясының Құлагерінің туғанына 125 жыл толды. Сәйкесінше, бәйтерегіміздің мерейлі жасына орай, жер-жерлерде игі шаралар бастауын алып үлгерді.

Атаулы күнге орай, 6 ақпан күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастырумен «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты поэзия кеші өтті.

Шара барысында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ішінен құрылан «Ілиястану» ғылыми орталығының қызметкерлері, филология ғылымдарының докторы, профессор Иманғазинов Мұратбек Мұбарақханұлы және филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қожағұлов Сайлау Қажыбекұлы біз білмейтін Ілияс әлемінен сыр шертіп, өз зерттеулерімен бөлісті. Бүкіл аудиторияны аузына қаратқан Ілиястанушы ғалымдардың тағылымы мол сұхбаты жастарымыздың ақынның мұрасына деген қызығушылығын одан сайын арттырып, көрермен болып отырған кейбір жастарымыздың шабытын оятып, Ілияс атамызға арналған арнау өлеңдерінің санын толықтырды. Ал Талдықорған бизнес, құқық және жаңа технологиялар колледж студенттері ақынның поэзиялық

шығармаларын нақышына келтіріп орындап, ыстық ықыласқа ие болды.үзінді оқыды. «Білім» гуманитарлы-техникалық колледжінен студенттері Саяқова Назерке мен Смағұлова Назерке «Туған жер» әнін сызылтып орындап, поэзия кешінің көркін қыздырды, өз кезегінде жас әнші Берікболов Дәурен Берікболұлы болса, еліне, отанына деген сүйіспеншілігін «Қазақстан-Гүлстан» әніне сыйғызып, көрермендерді әуелеген ән қанатында тербетіп, қошеметке бөленді. Кеш соңы қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, естелікке суретке түсумен аяқталды.

Шараға ЖОО-ның оқытушылары, білім ошақтарының ұстаздары, зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, БАҚ өкілдері, оқырмандар қатысты.

Артына өлмейтұғын із қалдырған ақын, жазушы І.Жансүгіровке арналған мерейлі кеш облыстық кітапханада осылайша аталып өтілді.

С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық

әмбебап кітапханасының

баспасөз хатшысы М. Қуандық

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK