Ақпан айы ақшұнақ аяз, бет қаратпас боранмен басталғаны белгілі. Оның үстіне кейбір өңірлердегі жауын-шашынның кесірінен жол қозғалысы да қиындап кеткен. Мамандардың мәліметінше, соңғы бір тәуліктің ішінде Талдықорғанда толассыз жауған қардың қалыңдығы 20 сантиметрден асқан. Қазіргі кезде шаһардағы тазалыққа жауапты мекемелер күн-түн демей қаланы қардан тазартуға  кіріскен.

Алайда,  мамандар қар шығаруға біріншіден, жол бойына қалдырып кеткен көліктер үлкен кедергі келтіретінін айтса, екіншіден, тазаланған жолдарға сол маңдағы үй иелері қар лақтырып жатқанын жеткізді.

Талдықорған қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрбақыт Алтынбековтың айтуынша, бүгінде облыс орталығында қала тазалығымен 3 мекеме айланысады. Олар  соңғы жылдары аймақ басшысының қолдауымен заманауи үлгідегі су жаңа техникалармен толықтырылған. Қазір аталмыш мекемелерде жолға себетін құм, тұз қоры да жеткілікті. Ондағы жұмысшылар осы жолғы қардың нығыз, әрі қалың жауып қалуына байланысты қарбалас жұмыс жасауда. Сонымен бірге, оған 100-ден астам  техника жұмылдырылған. Жұмысшылар  әр көшенің қарын үйіп, оны арнайы жүк көліктерімен сыртқа тасымалдауда. Осы тәулік ішінде қаладағы бірнеше негізгі көшенің  бойынан  730 текше метр қар шығарылған. Бұл жұмыстар бұдан әрі де жалғаса бермек.

Ал, жергілікті  жұрт жалпы шаһардағы  қар шығару жұмысының дер кезінде қолға алынып, тазалық жұмыстары ойдағыдай орындалып жатқанын жеткізді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK