Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығына орай журналистер арасында бамперболдан жолдастық кездесу өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аталған шарада алматылық тілшілермен жетісулық журналистер өзара мықтыны анықтады. Жалпы, бампербол деген аты болмаса, бұл кәдімгі футбол. Ойынның ерекшелігі мен мақсаты сол, домалақ шарды киіп алып, қарсылас команданың қақпасына гол кіргізу. Әрбір кездесу тартысты өтіп, жанкүйерлер күлкіге қарық болды.

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер командасында бас жүлдені «Жетісу» ұтып алды. Ал, екінші орынды және үздік үштікті алматылықтар еншіледі. Сондай-ақ, қыздар арасындағы сайыста бірінші орын «Алматы» командасына бұйырса, жетісулық нәзік жандылар екінші тұғырдан қол бұлғады.

Жарыс соңында танымал журналист «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек жеңімпаздарды құттықтап, ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар, «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша да ойыншыларға лайықты құрмет көрсетілді. Өз кезегінде сөз алған Алматыдан келген қонақтар жарыс ұйымдастырушыларына алғыстарын білдіріп, «Жетісу» телеарнасын 20 жылдық мерей тойымен құттықтады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK