Талдықорғанда ақын, сазгер Болатбек Қатықбаевтың «Мәңгілік ел» атты шығармашылық кеші өтті. Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен концерттік бағдарлама  Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Шара шаһардағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, марқұм болғандардың рухына тағзым етуден басталды.

Киелі сахнада ҚР-ның Мемлекеттік Гимнінің ресми нұсқасының орындаушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера майталманы Талғат Күзембаев сынды саңылақтар Болатбектің әуезді әндерін орындап, Жетісу жұртының қошаметіне бөленді. Тыңдарман қауымның көптігі соншалық залда ине шаншар орын болмады.

Нақтырақ айтсақ, қарымды қаламгер, танымал композитор Болатбек Әділханұлы Ауған соғысының ардагері, «Красная звезда», «За услуги перед отечеством» ордендерінің, «За ратную доблесть», «За отвагу», «За боевые услуги» т.б. көптеген медальдардың иегері. Бұдан бөлек ҚР сот жүйесінің 2-ші және 1-ші дәрежелі үздігі төсбелгісінің, 2014 жылғы ҚР Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан» телерадио корпорациясының ұйымдастыруымен өткен әскери әндер радиофестивалінің лауреаты, «Үздік ақын», «Үздік композитор», «Үздік әскери ән» номинацияларының да жеңімпазы.  Бүгінде ол  Алматы қалалық сотының судьясы болып қызмет етеді. «Менің қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырымда атқарған әрбір ісім қасиетті халқым үшін. Мейлі өнерде,  мейлі өзге салада болсын жеткен жетістігім көптің көңілінен шықса болғаны», — дейді кеш иесі. Жалпы, рухани кештен  ерекше әсер алып қайтқан жұрт оған шығармашылық табыс тілеп тарқасты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK