Мұқағали ақынға арналған кеш

300
мұқағалиға арналған кеш
дереккөз

 Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында  мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен  «Бір өлеңі – бір әлем» атты поэзия кеші өткізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдық сананы орнықтыруға, Мұқағали ақынның жалынды жырлары арқылы жастардың азаматтық  және  патриоттық әлеуетін дамытуға арналды. Көркем сөз оқудың шеберлері өнерін  ортаға салып,  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері, «Мизам» әдеби клубының мүшелері өнер көрсетті.  Облысымыздың Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген мұзбалақ ақын мектеп қабырғасында жүргенде-ақ  өлеңдерін жазған.    Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. Көзінің тірісінде  «Армысыңдар достар» , «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» , «Аққулар ұйықтағанда» , «Шуағым менің»  атты  жыр жинақтары   жарық көрді.
 
«Айтылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы».
Иә ,ақын туралы бүгінгі таңда естеліктер де жазылып, лебіздер айтылуда.  Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын ала сезгендей.  Оған ақынның «Есіңе мені алғайсың» атты өлеңі дәлел.

Ақынның өз дауысымен оқыған «Бұлқынып жатыр» өлеңімен поэзия кешінің шымылдығы ашылды. Содан кейін ақынның өмір мен махаббат тақырыбындағы өлеңдерінен театрландырылған қойылым қойылып, ақынның сөзіне жазылған әсем әндер шырқалды.  Мәселен, «Үш бақытым» әнін «Серпер» сыйлығының лауреаты Төлеутай Серіков орындаса, «Отанын» Жомарт Тәкебаев, «Мен деп ойла» деген тамаша әнді Айдана Анапьяева шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ кеште дарынды жастардың ізбасары, 4 сыныптың оқушысы  Аиша Аманбекқызы «Үш бақытым» өлеңін мәнерге салып оқып, көпшілікті тәнті етті.

Өлең мен сөздің нарқын білетін патша көңілді көрерменнің көзайымына айналған қатысушыларға шара соңында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Алғыс хаты табысталды.

Кіндік қаны тамып, бауырында еңбектеп, қаз басқан қадамдарына куә болған Жетісу өлкесі ғана емес, ақиық ақынның туған күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде осындай дүбірлі шаралар жыл сайын ұйымдастырылуда. Демек, ақиық ақынның жырлары әлі талай ұрпақтың жүрегіне жетері сөзсіз.

                                                                                

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK