Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне өткен жылы жасаған жұмыстарын қорытындылап, ағымдағы жылы атқарылуға тиісті жоспарларын айтып берді.

Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, бүгінгі күні 33 мыңнан астам тұрғыны бар Текелі қаласында демография мен экономика саласында оң өзгеріс байқалады. Бұған жылдан жылға хал-ахуалы жақсырып келе жатқан қала көркі дәлел. Жиын барысында Бақтияр Әлтайұлы қалада шойын өндіру зауыты 2018 жылдың 12 қазанында іске қосылып, онда 950 адам жұмыс атқарып жатқандығын айтты.«Биылғы жылдың бірінші тоқсанында екінші доменді пеш іске қосылады. Сол кезде қосымша тағы 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын боламыз», — деді Б.Өнербаев.

Ауыл шаруашылығына келер болсақ, қазіргі таңда Текеліде 52 шаруа қожалығы кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Солардың бірі  «Қаженов» алма өндірісі мен «Аян» ірі-қара мал өсіру қожалығы. Бұл шаруашылықтар бүгінде мемлекеттен субсидия алып, жұмыстарын жалғастыруда.

Одан бөлек, Бақтияр Әлтайұлы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 6 жобаға 826 млн. теңге бөлініп, түрлі салада игерілгендігін мәлімдеді.

Қазіргі таңда 67 жылдық тарихы бар Текелі қаласының су және жылу жүйелерімен қатар кәріз құбырларының басым бөлігі ескіруіне байланысты ауыстырылған. Сонымен қатар, қаланы абаттандыру мақсатымен М.Әуезов, Ғарышкер көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы күрделі жөндеуден өтіп, 367 жарық бағанасы ауысқан. Және де, ең өзекті мәселелердің бірі болып отырған газ желілері бойынша дәл қазіргі уақытта шаһарда 325 үйге көгілдір отын  жеткізіліп, 27 абонент газға қосылуға дайын тұр.

Педагогика саласында да жағымды жаңалықтар жоқ емес. Мәселен, №5 орта мектепте роботатехника кабинеті ашылса, IT саласында екі сынып пайдалануға берілген, алдағы уақытта тағы екеуімен толықпақ.

Мадияр ТОҚАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK