Талдықорған қаласында жаңадан салынған смарт автобус аялдамасын қиратқан бұзақы ұсталды. Полиция қызметкерлері қазір тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Полиция лейтенанты Қуаныш Нұртаевтың айтуынша, бұзақылық жасаған 37 жастағы Ж. есімді азамат ақпанның 3-нен 4-не қараған түні сағат 1-лер шамасында «Мәрмәр» мейрамханасынан мас күйінде шығып, сол жерде тұрған аялдаманың есігін сындырған.

«Мейрамханадан, тойдан шыққан болатынмын. Аялдаманы не үшін сындырғанымды білмеймін. Мүмкін ішіне кіріп су ішейін деген шығармын. Ол жерде дәретхана бар деп естігенмін. Есігі жабық болған соң әйнегін сындырып, ішіне кірдім. Кінәмды толығымен мойындаймын, сындырған затты қалпына келтіремін», — дейді бұзақылық жасаған азамат.

Тәртіп сақшылары қазір шығын көлемі анықталып жатқандығын айтады. Одан кейін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылмақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK