Өткен 2018 жылғы талдау қорытындысы бойынша Алматы облысында нормативтік-құқықтық актілерде, ұйымдастырушылық-басқару қызметінде 200-ден аса сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған. Осыған дейін берілген ұсынымдардың нәтижесінде оның 186-сы яғни, 90 пайызы орындалған. Бұл туралы Талдықорғанда өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндаманың жобасы» тақырыбында өткен баспасөз-мәслихатында айтылды.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаев: — Елбасының Жолдауында атап көрсетілген басты бағыттардың бірі —  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, оның тәуекелдерін талдау. Алдын алу шараларының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшін бұл жұмысқа азаматтық қоғам және бизнес өкілдерін тарту арқылы қол жетті. Атап айтсақ, өз кезегінде департаментпен азаматтық қоғам өкілдері  және басқа да сарапшыларды тарту арқылы 14 мемлекеттік мекеме қызметіне талдау жүргізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама тек аналитикалық құжат қана емес. Оның дайындалуы 2018 жылы Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы жүйеге бақылау жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың құқықтық және институционалдық негіздерін жетілдіру бойынша практикалық ұсыныстарды әзірлеудің бастамасы болып табылады. Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс тұрғындарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген саясатты бағалау үрдісіне және талқылауға шақырамыз» -деді.

Осыдан соң Жандос Сағындықұлы тілшілердің  сауалына жауап беріп, департаменттің алдағы жоба-жоспарларымен бөлісті.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK