Талдықорған қаласының әкімі
фото Айдын Нұршанов

Талдықорған қаласының  әкімі Дастан Шалтабаев қала тұрғындарымен кезекті  есеп беру кездесуін Оқушылар сарайында  өткізді. Бұл жолғы кездесуге «Ғашыркер», «Мүшелтой», «Жетісу», «Самал», жаңа шағын аудандар  және  «Ұлан» әскер қалашықтың  тұрғындары  мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Жиынды ашқан шаһар басшысы қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін тілге тиек етіп, 2019 жылға қойылған мақсат-міндеттер, жұмыс жоспарымен бөлісті.  Жиынды  қалалық мәслихаттың хатшысы Қайрат Бұлдыбаев ашып, жүргізді.

Елбасының тапсырмалары мен жолдауында айқындалған міндеттер бүгінгі күні Талдықорған қаласында  өз шешімін тауып келеді.

Қала тұрғындары алдында берген есебінде әкім әлеуметтік-экономикалық табыстарға жан-жақты тоқталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 387 іс-шара өткізіліп, маңызды 20 әлеуметтік жоба жүзеге асқан. Биыл да бұл іс жалғасын табады. Тұрғындармен есепті кездесуде көтерілген бірқатар мәселелер шешімін тапқан. «Қызылтас» саяжайында дәрігерлік амбулатория ашылып,  жолаушылар тасымалдау жөніндегі ұсыныстр ескерілген. «Үйтас» саяжайын сумен қамту, жабдықтау жобасының сметалық құжаттамасы әзірленді. Қалада 12 аула аумағы абаттандырылса, бұл биыл да жалғасатын табатын болады.

Суретті түсірген А.Нұршанов

Төрт жаңа өндіріс іске қосылып, тағы екі жұмыс істеп тұрған өндіріс кеңейтіліп, 86 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша  экономикалық өсу көрсеткіші артқан.  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында  5 жоба жүзеге асырылған, нәтижесінде, жалпы ауданы 3700 шаршы метр 60 пәтерлі коммуналдық үй және 64 пәтерлі жалға берілетін үй пайдалануға берілді.

Өткен жылы драма театр, 1200 орынды екі  мектеп, 300 орынды музыка мектебі пайдалануға берілді. Тұрғын үйлерді  жылумен, сумен қамту жұмыстары да  жүйелі  қолға алынып келеді. Қала аумағын абаттандыру бағытында жеті субұрқақ, Тәуелсіздік көшесінде шағын бақ салу және оны құрылымдау жұмыстары  аяқталды. 1530 көше жарықтандыру тіректері орнатылса, 26 көпқабатты үйлерді қамтитын 12 аула аумағы абаттандырылды.  Табиғи газ тарту мәселесі де түпкілкті шешімін таппақ. 738 шақырым қалаішілік желілер тартылды. Енді жобаның 3,4 кезектегі жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ,  33 аялдама кешені ауыстырылды. Облыстық балалар ауруханасында 60 төсекке арналған неонатальдық хирургия нысанының құрылысы, Еңбек ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Өткен жылы мектепке дейінгі тәрбие ошақтары ашылып, білім саласында да көптеген жаңалықтар болды. 400 орынды 5 жекеменшік балабақша ашылса, жаңадан екі топ іске қосылған.

Еңбек, Көктал елді мекендері мен «Үйтас» саяжай қоғамында қызметтік үйлері бар 3 учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді. Өткен оқу жылында екі орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, биыл да бұл іс жалғасын табады. Жастар жылында  дипломмен ауылға жұмыс жасауға келген жас мамандарға және айтулы жобалары бар жас буын өкілдеріне қолдау жасалады. Қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында көптеген жұмыстар іске  асырылуда.

Қала әкімі Д. Шалтабаевтың есебінен соң   жиынға келген тұрғындар сауалдарын қойды. Көпшілігі қаланы  көгалдандыру, абаттандыру, жылу, арықтағы су мәселесін қозғады.  Жаңа шағын аудандардың пайдалануға берілуіне  байланысты үйімізде жылу температурасы төмен деп 5 шағын ауданның тұрғындары шағымданды. Бұл мәселені анықтап шешуге сала мамандарына тапсырма берілді. «Ғарышкер» шағын ауданының 7,8 үйі аулалары жөнделе ме деген сауал жолдады. Ескелді би көшесі бойындағы аялдамалар ескіріп кеткенін айтқан тұрғынға қала басшысы бұл мәселе қолға алынатындығын айтты. Ал  Ержан Молдағалиев «Жасыл ел» штабы еріктілері жаз бойы   саябақтарды тазалап, жөндеп, абаттандыруға дайын екендіктерін білдірді.

Қала  аумағында жақсартуды тілеп тұрған үй арасындағы жолдар, су ағатын арық,   жолаушылар көлігінің жұмысы турасында да айтылды. Пошта жәшігін ұрлап кету  жиілеген. Бұл мәселеге учаскелік полиция қызметкерлері араласып, кінәлілерді тауып, оларды бұқаралық  ақпарат құралдарында жазып, көрсетуді әкім тапсырды.

Кездесу соңында тұрғындар қала әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деп баға берді.

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK