Бірінші ақпан  маған осыдан 22 жыл бұрын болған бір оқиғаны ерекше есіме салады. Аласапыран жылдары шетелде оқуда жүріп Аякөздегі ата-анасынан, туыс-туғанынан адасып, қалып қойған Ғарифолла Егінбаев деген кісі болды. Ол 1997 жылы айықпас дерттен менің көз алдымда өмірден өтті.  Онда мен  жиырманың  ішіндегі жалын атқан жас едім. Өз басым сонда ғана бір адамның қайтыс болған сәтін тұңғыш рет көзбен көруім. Өте ауыр тиді. Себебі, ол кісінің әке-шешесі, әпке-қарындастарының бәрінің көзі тірі болғанымен, шекараның екі жағында қалып, көріспегендеріне 40 жылға жуықтапты. Тек, хат, сурет алысып, сағыныштарын басып жүрген. Өмір мен өлім арасындағы арпалыста жатқан марқұм ақпаның бірі күні таңға жуық: «Ана, ана, таңертең, таңертең» деген сөзді бірнеше мәрте қайталап барып жан үзді. Бұл өлең сол оқиғадан туындаған. Жаныңыз жаннатта болсын!

 Оранып кең табиғат ақша қарға,
Құста жоқ байырғыдай бақшаларда.
Тым-тырыс қысқы ұйқыда жатыр дала,
Мүләйім, жұмысы жоқ басқаларда.

Күмбез тау мұнартады көз көрімде,
Арманым алаулайды өз көгінде.
Сағым күн саусақ санап бұлдырайды,
Қиялдың меруерттей тізбегінде.

Кеш кірді, кербез күнді жал асырып,
Ақ боран ышқынады аласұрып.
Көрдім де науқас жанды, тықыршыдым,
Тұлпардай қойған бейне таң асырып.

Сипайды маңдайымнан алақаны,
Маңында жаудырайды балапаны.
Қапыда қалдың ба ерен, қайран әке,
Қашан да ойлайтыны бала қамы.

Үй толы дос-жараны, туысқаны,
Амал не, ажал құрғыр уыстады.
Шығарда өмір арқан, соңғы түйін,
«Ана» деп, неше қайта дыбыстады.

Зым-зия болды дәурен қас-қағымда,
Айықпас мұнар қалды аспанымда.
Өксідім, жарқ етті де сөнді жұлдыз,
Толтырып жан-жанарын жасқа, мұңға.

Не қалды, құлазыған дала қалды,
Не қалды, қайғы шерде ана қалды.
Барында бал мінезін қимайтұғын,
Соңында үркердей боп бала қалды.

Бұл ғалам кейде осылай, мұзы қалың,
Сезбейсің сері өмірдің сызы барын.
Көңілім күзгі аспандай бұзылады,
Фәниде қалмағандай қызығарым.

Не пайда, жиған мүлік қазанадан,
Тірліктің қыс сияқты жазы маған.
Ойласаң от денені мұздатады,
Желіндей қарашаның азынаған.

Сонау жыл ақ тұманда алыстаған,
Ол бір кез көрмесем де, таныс маған.
Жүр екен қандай күйде асыл ана,
Адасып ботасынан, табыспаған.

Таусылмас тарам-тарам сөз қатпары,
Тұрады мұң-қайғымды қозғап бәрі.
Жаңғыртып жапан түзді жатыр ма екен?
Айбатты Алатаудың боздақтары.

Шамаң жоқ шақты күнді дамылдатар,
Жазымыштың пендесіне заңы қатал.
Қажыма, қажыма енді, туысқаным,
Алаулап алғы күннің таңы да атар.

Бере алса ақыл, қайрат көпке өлеңім,
«Бәріңді жұбатар ем» деп келемін.
Әйтеуір, аяз қысқан бірінші ақпан,
Ғажайып, сені осылай жек көремін.

                                                                              Айдын  Кәлімхан.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK