Жаңашылдыққа бастар жыл

233
Дереккөз

Болашақта ел тізгінін ұстайтын, еліміздің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті, экономикасы дамыған, өркениет көшінен лайық орын алатын, еліміздің қарқынды дамуына өзіндік үлес қосатын қоғамның негізгі белсенді күші жастар екені сөзсіз.

Бүгінгі таңда Қаратал ауданында  14 пен 30 жас аралығында 12178 адам бар. Бұл аудан тұрғындарының 25,4 пайызын құрайды. Осындай алып күштің қоғамның белсенді бөлігіне айналуы үшін мейлінше жағдай жасалынып келеді деп айта аламыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Ауыл жастары» бағдарламасы негізінде «Дипломмен ауылға» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жастар аудан экономикасының қай саласында да нәтижелі еңбек етіп жүр. Дәлірек айтсақ, ауданда ауыл шаруашылығы саласында, әсіресе мал шаруашылығында да іскерлігімен танылуда. Жастардың тәртіпті әрі белсенді болып өсуіне де баса назар аударылып, мектептерде оқушы жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі тәрбие сағаттары, ашық сабақтар, заң органдарының қызметкерлерімен кездесулер, пікірсайыстар өткізіліп, оң нәтиже беруде. Бұл орайда оқырмандар конференциялары мен кітап көрмелерінің де орны ерекше. Мемлекетіміздің басшысы, партиямыздың төрағасы Н.Назарбаевтың «Еліміздің келешегі жастардың қолында» деген сөзі біздерге қандай жауапкершілік жүктеліп отырғанын айқын көрсетеді. Ел ертеңі — бүгінгі ұрпақ екенін үнемі жадымызда сақтайтын біздер Президентіміз бағыт-бағдар берген сара жолмен ілгері басайық. Жас ұрпақты талапты да тапқыр, талғампаз да терең ойлы, төзімді де табанды етіп тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыздың бірі болып қала береді.
Статистика агенттігінің жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4,5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл дегеніміз жалпы халықтың 30 пайызы жастар деген сөз. Ендеше, еліміздің ертеңгі болашағы жастардың бүгіннен бастап, қандай тәрбие алуы мен отансүйгіштік қасиеттің дамуы аса маңызды. Ең әуелі жастар бойында рухани-адамгершілік, саяси интеллектілік, құқықтық тәрбие басым болғаны жөн. Еліміздегі ұлттық қоғамды кемелдендіру ел болашағы — жас ұрпақты жаңа инновациялық әдісте рухтық тәлім және білім негіздерімен қаруландырып, қалыптастыру аға буын өкілдеріне парыз деп есептеймін.

Нұржан Рақметқазынов, Қаратал ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK