ұлттық салт-дәстүр
дереккөз

Оқушыларға қазақ халқының салт-дәстүрі, халық арасында кеңінен қолданылатын, ұмыт қалып бара жатқан дәстүрлер туралы түсінікті қалыптастыру мақсатында  Ломоносов атындағы №5 орта мектепте қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен қолға алынған «Ата-баба дәстүрі-ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында «Ата салтым-асыл қазынам» атты тәрбиелік шара өтті.

«Тілім барда қазағым бар, халқым бар,

Дәстүрім  бар, ата жолы салтым бар»… демекші, қанымызға сіңісті, жанымызға жұғысты, ой санамызға нұрлы шуақ сыйлайтын әдет- ғұрып, салт- дәстүрімізді жаңғырту мақсатында өткен  шарада оқушылар өз өнерлерін ортаға салды.  Сахна төріне қойылған күй сандық пен  қазақтың қара домбырасынан күй төгілді. Оқушылар күй тартып қана қоймай, айтыстан үзінді орындады. Сахнаға ақ сандық әкелінді. Ақ сандықта тостаған мен ақ орамал бар екен. Олардың сыры неде екен?- деп жүргізуші қойған сауалға да  оқушылар  жауап берді. Тостаған ақ пейіл мен қонақ -жайлылықтың белгісі. Қазақтың қонақжайлылығының бір көрінісі ерулік беру.  Өнерпаздар тобы  «Ерулік» деген қойылым көрсетті.

Ұлттық ойындар да көрініс тапты.   Орамал тон болмайды, жол болады»- деген сөз бар. Сандықтан шыққан ақ орамал, тақия жасы үлкен аталар мен әжелерге тарту етілді.

Сахнада қария мен бала сөйлесіп отыр. Жеті ата  турасында айтқан қария немерелерге ақ батасын берді. Ауылдың бір шетінде  балалар асық ойнап жүргендігі де көрініс тапты.

 Оқушылар тобы  әдеби монтаж орындады. Ұлттық киім киінген бір топ оқушы «Қара жорға» биін буындары былқылдап, мәнеріне келтіре әдемі орындады. Қолөнер көрмесі қойылып, онда қолдан тігілген, тоқылған, кестеленген, қолдан жасалған дүниелер болды. Тәрбиелік шараның мақсаты- заман өзгерсе де, ұлттық салт-дәстүріміздің көнермейтіндігін еске салып, ұлттық мұраны қайта жаңғырту, насихаттау болатын. Әділқазылар алқасының мүшелері З.Жақатаева, Б.Сүлейменов сөз алып, тәрбиелік шараның алға қойған  мақсатына жеткеніне тоқталып өтті.

                                                                                          Нұртай Қыдыралыұлы,                                                                                                 Білім беру ісінің үздігі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK