Талдықорған қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне Ақшабай Керімбеков сайланды. Бұл туралы бүгін ардагерлер үйінде өткен алқа жиынында мәлім болды. Жаңа төраға ардагерлер кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен тағайындалып отыр, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аталмыш жиында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова сөз алып, осы уақытқа дейін ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келген Мұрат Қалыққа атқарған қажырлы еңбегі үшін қала әкімінің атынан ризашылығын білдірді.

«Мұрат Шаяхметұлы денсаулығына байланысты өз еркімен төрағалық қызметтен бас тартып отыр. Бұл кісінің өтінішін қабылдап, бүгін сіздермен арнайы ақылдасқалы келдік. Қарсы болмасаңыздар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне Ақшабай Дүйсенбекұлы ұсынылып отыр», — деді С.Арзанбекова.

Бұл ұсынысты ардагерлер кеңесінің мүшелері бірауыздан қолдап, жаңа төрағаны лайық деп таныды.

Айта кетейік, Ақшабай Керімбеков 1947 жылы бұрынғы Талдықорған облысында дүниеге келген. 1966 – 1971 жылдары Қазақ Ауыл шаруашылық институтын, агроном мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылында агроном болып бастап, 1972 – 1976 жылдары дәл осы елді мекенде ауыл шаруашылығының бас агрономы қызметін атқарған. Сонымен қатар, 1976 – 1978 жылдары Кербұлақ ауданы, атқару комитетінің жоспарлау комиссиясының төрағасы, Сарыбұлақ совхозының партком хатшысы, көп жылдай саяси қызметтерде жұмыс істеді. Ал, 1993 – 2006 жылдары Талдықорған қаласы «Дастархан» ЖШС-нің директоры, 2006 жылдан осы уақытқа дейін «Жерұйық» комуналдық базарының директоры және Алматы облыстық фермерлер қауымдастығының басшысы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі болған. Кербұлақ ауданы, Талдықорған қаласы, Алматы облысының «Құрметті азаматы» атақтарымен, «Құрмет белгісі» орденімен және басқа да 11 медальмен марапатталған.

Ал, Мұрат Шаяхметұлы ұстаздық қызметке 15 жылын, пария жұмыстарына 9 жылын арнаса, өмірінің 11 жылын шаруашылық жұмыста өткізген. 2011 жылдан бері Талдықорған қаласы ардагерлер кеңесінің төрғасы қызметін абыроймен атқарып келді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK