«Ветеринария» мамандығы халық шаруашылығына өте қажет және жер бетіндегі мәңгілік мамандықтардың бірі. Ең алдымен «Ветеринария» дегеніміз не ? деген сұраққа жауап жазып кетсем. Ветеринария лат. «veterinarius» — малды бағып — қарайтын қызметкер, жануарларды емдейтін маман — жануарлар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, мал дәрігерлік сараптау және тексеру арқылы санитарлық тұрғыдан таза жануарлар өнімдерін өндіру нәтижесінде, адамзатты адамға жұғатын ауруларынан сақтау, сыртқы қоршаған ортаны қорғаудағы ветеринарлық-санитарлық проблемаларды шешу мәселелері туралы ғылыми ілім.

Ветеринария мамандығының алдына қойған міндеттерінің бірі: жануарларды жұқпалы аурулардан қорғаудың жаңа әдістерін табу, осы аурулардан адамзатты қорғау, еліміздегі ветеринарлық жағрапияны зерттеу арқылы жұқпалы аурулар таралуының алдын алу, шаруашылық қожалықтарындағы малдарды жұқпалы аурулардан сақтау және ауырған малды емдеу, сөйтіп, мал басының көбеюіне тікелей ықпал ету.

Осы мақсатта біздің Тоқжайлау политехникалық колледжі мал дәрігерлік маман даярлауда өз үлесін қосуда. Қазіргі кезде колледжімізде «Ветеринарлық техник» мамандығы бойынша екі топ, «Ветеринарлық санитар» мамандығы бойынша екі топ барлығын қосқанда 4 топ оқып білім алып жатыр. Бұл мамандық бойынша 2015 жылдан бастап оқытып келеді. Колледжімізде мал дәрігерлік мамандарын оқыту бойынша қажетті жабдықтармен жабдықталған. Төрт лабараториялық кабинет мал дәрігерлік мамандарды оқыту үшін жұмыс жасауда.

Қазіргі кезеңде ветеринариялық қызметте елдің экспорт, импорт шараларын жүзеге асырудағы да ролі өте маңызды. Ветеринариялық бақылауға жататын товарларды тексеруде мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету экспорттық операциялар кезінде отандық өндіру ісінің мүддесін қорғау індетке қарсы шаралардың өзекті мәселелердің бірі болып табылады және індетке қарсы шаралардың бағыт бағдарына әсері зор. Сондықтанда ветеринариялық қызметті жоғары деңгейде атқара алатын тиісті кәсіптік білімі бар мамандарды дайындау өзекті мәселе болып табылады. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында «Біз бүкіл елімізде әлеуметтік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз» деп нақты талап қойған. Бұл ең алдымен техникалық және де кәсіптік білім беру саласына қатысты деп білуіміз қажет. Қазіргі кезеңде білімі терең, біліктілігі жоғары өз саласында тек орындаушы ғана емес, белсенді ізденіс иесі ғана жұмыс істей алады. Бұл ретте біздің Тоқжайлау политехникалық колледжінде заман талаптарына сай болашақ мамандарды даярлау ісі біршама жақсы жолға қойылған деп айтуымызға болады.

Рахат Артықова, Арнайы пән оқытушысы, Тоқжайлау политехникалық колледжі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK