Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылдық округінде биыл жалпы ауданы 1100 шаршы метрлік жаңа дәрігерлік амбулатория мен Мәдениет үйі және арнайы поштаның ғимараты салынатын болады. Сонымен қатар, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында аталмыш елді мекеннің көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл туралы қала әкімі Дастан Шалтабаев пен округ басшысы Қайрат Матаев тұрғындар алдында берген есептік кездесуде айтты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Әкімдердің есебі Еркін ауылдық округіндегі №26 орта мектепте өтті. Аталған жиында алдымен ауыл әкімі Қайрат Замантайұлы сөз алып, өткен жылда атқарылған жұмыстар турасында баяндама жасады. Яғни, ол білім, денсаулық, әлеуметтік, ауыл шаруашылық саласы және абаттандыру, қоғамдық тәріп бойынша атқарылған істерді атап өтті. Одан бөлек, 2019 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

«Біз жаңа дәрігерлік амбулатория ғимаратының жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, мемлекеттік сараптамаға өткізіп қойдық. Құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылы басталады. «Көктал» елді мекеніндегі саябақты қайта абаттандыру жоспарлануда. Сонымен қатар, Еркін ауылы, «Көктал» елді мекені және 3-ші бөлімшенің көшелеріне жарық шамдарын орнатамыз. Окуруг аумағында көгалдандыру жұмыстары да жалғасатын болады», — деді Қ.Матаев.

Осыдан кейін Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев мінберге шығып, Елбасының Жолдауларында айқындалған міндеттерді орындауда жоспарлы жұмыс атқарылып жатқандығын атап өтті. Шаһар басшысы әсіресе, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында оң өзгерістер барын айтты. Мәселен, 2018 жылдың алдын ала қорытындыларына сәйкес ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 1,2 млрд. теңгеге өсіммен 17 млрд. теңгеге жеткен. Сондай-ақ, 72 млрд. теңгенің немесе 2017 жылғыдан 4,1 млрд. теңгеден астам қаржыға өнеркісіп өнімдері шығарылған. Яғни, мұның барлығына 4 жаңа өндірістің іске қосылуы мен 86 жаңа жұмыс орнынының ашылғандығы себеп болып отыр.

Дастан Тұрарбекұлы «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында жасалған жұмыстарға да тоқталды. Сөз соңында 2019 жылы мемлекеттік бағдарламалар негізінде қаланы одан әрі дамыту мақсатында алдыға қойылған барлық міндеттер орындалатынын жеткізді.

Әкімдердің баяндамасынан кейін ауыл тұрғындары кезекпен сөз алып, өздерінің сауалдарын жолдады. Айтуларынша, «Көктал» елді мекенінде жаңадан көптеп үйлер, көшелер салынып жатыр, бірақ, әлі күнге дейін бірнеше көшенің аты жоқ. Көше шамдарының тозығы жеткен, газ құбыры тартылған жолдардың беті тегістелмеген. Сондай-ақ, малдардың жұқпалы ауруына қарсы вакциналарды егу мәселесі де көтерілді. Жерлердің барлығы жеке меншікке өтіп кеткендігі себебінен тұрғындар малдарын жайылымға шығара алмай әлек. Жаңадан қосылған көшелерге автобустардың бағытын өзгеріп, жаңа аялдамалар салынса деген тілек те айтылды.

Аталған сұрақтардың барлығына Дастан Тұрарбекұлы толыққанды жауап беріп, көтерілген мәселелер міндетті түрде қаралатынын жеткізді. Жиын соңында тұрғындар бір ауыздан әкімдердің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріп тарқасты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK