Еліміздегі ең жас көпбалалы батыр ана Жазира Тұрғынованың отбасы баспаналы болды. Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жеті балалы жанұяға тұрғын үйдің кілтін табыстады, — деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған taldykorgan-online.kz

Бұл туралы жаңалықты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев өзінің әлеуметтік парақшасына жариялаған.

«Күні кеше ғана елордада — Елбасының алдында ақтарыла сөйлеп, ел разылығына бөленген батыр ананың өмірі жақсылыққа күрт өзгерді деген осы шығар. Ал Астанадан — Шымкентке поезбен шыққан Жазира, сол сәттен бастап атының шартарапты шарлап кетерін де білген жоқ. Бейсенбінің түсінде теміржол вокзалында анталай күткен тілшілерден тіксініп, тосырқап жүргені де содан. Ал бүгін, қасиетті жұмада киелі Түркістанда облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың қолынан баспананың кілтін алған батыр ана,  өң мен түстің ортасында ғажайып күй кешіп тұр», — деп жазды ол.

Басқарма басшысының мәліметіне қарағанда, төрт бөлмелі пәтер Ленгер қаласынан берілген. Ал отағасы Олжас Әбілдабеков арнайы оқыту курстан өтіп, жұмысқа орналасады.

«Айналдырған үш күнде Жазира Тұрғыноваға тағдырдың керемет сыйы тартылғаны анық. Жеті баланың несібесін, адал жүректі ананың тілеуін Тәңірі берді», — деп жазылған сөз соңында.

Әйел-Ананың толқынысы бөлек ғой! Қуанышты сәтте тіптен жүректі қозғап жіберді.

Posted by Бейсен Тәжібаев on Reede, 25. jaanuar 2019

Айта кетейік, бұған дейін ҚазАқпарат тілшісі еліміздегі ең жас көпбалалы ана Жазира Тұрғынова Шымкенттің іргесіндегі Жұлдыз елдімекенінде пәтер жалдап тұрып жатқаны туралы жазған болатын. Жеті баланы тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылардың тұрақты жұмыстары жоқ екені де жеткізілген. Сонымен қатар, Астанадағы Жастар жылының ашылу салтанатында Жазира Тұрғынова өзі сияқты жастарды көпбалалы болудан қорықпауға шақырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK