Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевтың халық алдындағы  есептік кездесуі Өтенай ауылдық Мәдениет үйінде өтті. Қалаға қарасты бес елді мекен тұрғындары қатысқан басқосуда алдымен ауыл басшысы Ерлан Жетібаевтың өткен жылғы атқарылған жұмыстары жөніндегі қорытындысы тыңдалды. Осыдан соң,  Дастан Тұрарбекұлы баяндама жасап, жыл санап өсіп-өркендеп келе жатқан облыс орталығының  жетісьіктерін атап көрсетіп, алдағы жоба-жоспарларды таныстырды.

Нақтырақ айтсақ, 2018 жылды Өтенай ауылының тұрғындары табысты тәмамдаған. Ауыл жұртының дені мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Бүгінде, онда 124 шаруа қожалығы бар. Оларға  тиесілі жер көлемі 6 мың 500 гектардан асады. Төрт  түлік мал саны да артқан. Оған ауыл шаруашылығына бағытталған қаржылай қолдау мен мемлекеттік бағдарламалардың қосқан үлесі зор дейді ауыл басшысы. Мемлекеттік  қызмет көрсету бойынша 2020 жылға дейін интернет қолданушыларды жан-жақты қамтамасыз етіп, халықтың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға жеткізу көзделген. Сондай-ақ, аталған елді мекен тұрғындарының жарық, ауыз су, қоғамдық көлік мәселелері шешімін тауып, Өтенай мен Еңбекке  газ құбыры жеткізілген. Ынтымақ ауылының жолдарына қиыршық тас төселіп, Еңбек ауылынан жаңа емхана және учаскелік полиция пункті салынып, ел игілігіне берілген.

Өз кезегінде, жалпы, Талдықорған қаласының дамуы бойынша өзекті мәселелерді ортаға қойған шаһар әкімі жүзеге асырылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде,  білім  мен денсаулық, спорт пен мәдениет, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, жол, құрылыс саласының жетістіктері атап айтылды. Мәселен, былтырғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш 72 млрд. теңгені құрап, қалада жалпы 86  жаңа жұмыс орны ашылған. Өңдеу өнеркәсібіне 4,9 млрд. теңге инвестиция құйылған. Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы табыс 17 млрд. теңгеге жеткен. Сонымен бірге қаланың оңтүстік-батыс шағын ауданынан жаңа театр сынды ірі нысандармен бірге «Нұрлы жер», «Нұрлы жол»  бағдарламалары аясында бой көтерген бірнеше көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар, Дастан Тұрарбекұлы қаланы газбен қамту бойынша 738 шақырым қала көшелеріне құбыр желісі жүргізілгенін тілге тиек ете келіп, бұл жұмыстар әрі қарай жалғасатынын жеткізді.

Осыдан соң тұрғындар сұрауына кезек берілді. Онда Өтенай ауылының тұрғындары бірнеше көшені жарықтандыру бойынша  сауал қойса, Ынтымақ ауылының тұрғындары жаңа мектеп салып беру туралы  өтініштерін білдірді. Осының бәріне жан-жақты жауап берген шаһар басшысы Ынтымақ ауылына 1200 орындық жаңа мектеп салу жоспарға енгізіліп, қаражат қарастырылып жатқанын, көшелерді жарықтандыру ісі көп өтпей шешілетінін айтты.

Сөз соңында жиналған жұрт қала және ауыл әкімінің атқарған жұмысына «жақсы» деген баға беріп тарасты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK