Н.Назарбаев: «Мен көріп отырған жаңа буын – Қазақстанның ең орасан жетістігі»

433
Дереккөз

Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Дереккөз

Жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, депутаттар, жергілікті атқарушы орган басшылары, Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері қатысты. Түрлі салада жетістікке жеткен жастар жүзеге асырған жобалары жайында баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мен айтайын деген негізгі мәселенің барлығын әр салада көтеріп жатырсыңдар. Баршаңызды Жастар жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын — біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Сондықтан менің Жарлығыммен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын білесіздер. Біз бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы Дала төсінде әлем мойындаған мемлекет құрдық. Есілдің жағасында еңселі елордамыз — Астананы тұрғызып, тарихта бұрын-соңды болмаған зор жетістікке қол жеткіздік. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың бәрі егемен еліміздің болашағы — сіздер үшін жасалып отыр. Тәуелсіздіктің 27 жылында көп жұмыс атқардық. Көп жеңіске жеттік. Тәуелсіздігімізді алдық, экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын арттырдық, мәдениетін, денсаулығын көтердік, Астананы салдық. Бірақ, ішіндегі ең негізгі жетістік — сендерді, жас буын қазақстандықтарды тәрбиелеп шықтық. Мен көріп отырған қазақстандықтардың жаңа буыны — Қазақстанның ең орасан жетістігі. Сіздермен кездесіп отырғаным үшін өте бақыттымын. Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Бүгін біз жастарға кеңінен жол ашатын маңызды бастамалармен таныстық. Қолға алған тың жобалардың бәрі табысты жүзеге асады деп ойлаймын. Жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсай беріңіздер! Сіздерге зор денсаулық, толағай табыс  пен бақ-береке тілеймін!»-деп бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы жастар екендігін баса айтты.

Дереккөз

Аталмыш салтанатты шараны бірқатар талдықорғандық жастар тікелей эфирден тамашалады. «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы мен «Жас Отан» ЖҚ ұйымдастыруымен өткен  кездесуде белсенді жастар өзара пікір алмасты.

Дереккөз

Бокстан Қазақстан чемпионы Әнел Құдайберген «Биылғы жыл Жастар жылы боп жарияланғаны баршамызға белгілі. Тәуелсіз елдің тірегі жастар болғандықтан бізге артылар жауапкершілік те мол деп білемін. Күні кеше ғана Сербияда өткен халықаралық сайыста I орын иелендім. Осы жеңісімді облысымыздың барлық жастар қауымына арнаймын. Алдағы күнге жоспар көп. Байрақты бәсекелер, шет елмен бірігіп оқу-жаттығу жиындарын өткізу көзделіп отыр. Осындай шараларға белсенді атсалысып, еліміздің Туын көкте желбіретіп, Әнұранын шарықтатуды мақсат етеміз»-деді.

Дереккөз

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жас ұрпақты  патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс екенін айтып,  «Жас сарбаз» әскери-патриоттық тобын құруды тапсырған болатын. Аталмыш республикалық қоғамдық қозғалыстың Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Айбол Қасенов Елбасының қатысуымен өткен жиынға куә болды.

Дереккөз

«Бұл бастаманың тек Алматы облысының жастары үшін ғана емес, жалпы, ел болашағы үшін маңызы өте зор. Қазақта «елді қорғау — ердің ісі, ерді қолдау — елдің ісі» деген қанатты сөз бар. Тарихта қайсар мінезбен танылған елміз. Сондықтан да, жастарымызды жақсылыққа, отансүйгіштікке, қайсарлық пен батырлыққа тәрбиелейтін мұндай жобаларды іске асыруға бір кісідей атсалысуымыз қажет деп есептеймін. Елбасымен кездесу жаңадан қолға алып жатқан жұмысыма шабыт бергендей. Алда ауқымды жұмыстар тұр. Біз еліміз үшін қызмет жасауымыз керек. Алматы облысы жастары бұл үдеден шығамыз деп ойлаймын. Елбасымен кездесуден соң ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласовпен кездестік.  Жиында әр облыста құрылған әскери-патриоттық қоғамдық қозғалыстың мақсаттары мен міндеттері талқыланды».

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK