Бүгін Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылдық округінің әкімі Қайрат Матаев 3-ші бөлімшенің тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова мен аталмыш бөлімшенің тұрғындары қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Еркін ауылдық округінің құрамына Еркін, Көктал ауылы және 3-ші бөлімше кіреді. Аталған елді мекендердің жалпы жер көлемі – 14 541 гектар, оның ішіндегі 14 247-сі ауыл шарушылығына арналған. Округ бойынша халық саны – 18 198 адамды құрайды. Бір жылда адам саны 585-ке өскен. Ал, 3-ші бөлімше тұрғындарының саны – 985 адам.

Жиналған қауым алдында сөз алған Қайрат Замантайұлы алдымен өткен жылда атқарылған жұмыстар турасында баяндама жасады. Яғни, білім, денсаулық және әлеуметтік сала бойынша, сонымен қатар, елді мекендерді абаттандыру бағытындағы атқарылған істерді атап өтті. Одан бөлек, 2019 жылға жоспарланған міндеттерге тоқталды.

«Біз үстіміздегі жылы Еркін ауылы, «Көктал» елді мекені және 3-ші бөлімшенің көшелеріне жарық шамдарын орнатуды көздеп отырмыз. Қазір мұның жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Сондай-ақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Еркін ауылына қарасты «Көктал» елдімекеніндегі Күреңбел, Сатылы көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілмек. Көшелердің жалпы ұзындығы – 1900 метр. Еркін ауылында Мәдениет үйінің, дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастаймыз. Өз кезегінде көгалдандыру жұмыстары да жалғасатын болады», — деді Қ.Матаев.

Әкімнің баяндамасынан кейін тұрғындар кезекпен сөз алып, өздерінің сауалдарын жолдады. Еркіндіктердің сөзінше, жарық, ауыз су мәселесі, автобустардың жүру кестесі қиындық туғызуда. Сонымен қатар, қаңғыбас иттердің қатары көбейген. Жаз мезгілінде бақша суғару үшін де тұрғындар біраз әбігерге түсетін көрінеді. Аталған сұрақтардың барлығына округ әкімі толыққанды жауап беріп, көтерілген мәселелер міндетті түрде қаралатынын жеткізді. Ал, өз кезегінде сөз тізгінін алған Сәуле Аманбайқызы қала әкімдігі тарапынан тиісті көмектер болатынын айтты.

Жиын соңында ауыл әкімінің есебіне келген жұрт «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK