Қызылшадан вакцинация арқылы қорғануға болады

179

Қызылша — кең тараған жіті инфекциялық ауру, көбінесе, балалар ауырады. Дене қызуы жоғарлап, мұрын, көз, тамақ қабынуы, теріде бөртпе пайда болуымен сипатталады.  Алматы облысы бойынша 2018 жылдың қараша айынан бүгінгі күнге дейін қызылша жұқпасының алғашқы белгілермен  39 жағдай, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 35 жағдай тіркелді. Зертханалық  тексеру нәтижесінен  соң  17 науқас анықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов хабарлады.

Ерғали Жақсыбекұлының айтуынша, тексеру нәтижесінде  расталған 17 жағдайдың алтауы 1 жасқа дейін егілмеген  сәбилер, үшеуіне  денсаулық жағдайына  егуден медициналық шектеу қойылған болса, 2-уі екпеден бас тартқандар.  Қызылша дерті  анықталған  әрбір жағдай  бойынша эпидемиологиялық зерттеу және инфекция ошақтарын эпидемиологиялық тексеру уақтылы жүргізіліп, шаралар атқарылған.  Бұл  аурумен ауырғандармен қарым-қатынаста болған  932 адам анықталып, медициналық бақылау жүргізу қолға алынған.

Қазіргі таңда қызылша ауруымен күрес және оның алдын алу, сақтану ол – вакцинация екенін ұмытпаған жөн. Осылайша қызылшадан вакцинация арқылы қорғануға болады. Алдын алу екпелерінің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы вакцинация балаға 1 жасқа дейін және қайтара 6 жаста жүргізіледі.  Жалпы қызылшамен ауру жылдан-жылға азайып отыр.  Себебі, халықтың әл-ауқаты өсіп, оның  үстіне оралықтандырылған таза ауыз сумен  ауыл-ауыл толықтай қамтылған. Облыста вакцина қоры  жеткілікті.

Спикер журналистердің  аса жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қойылған көптеген сауалдарға жауап берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK