Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін әкімдердің халық алдында есеп беруі биыл да жалғасты. Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылының әкімі Ерлан Жетібаев Мойнақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Өтенай ауылына  Еңбек, Мойнақ, Пригородный, Ынтымақ сынды елдімекендер қарайды. Қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекованың қатысуымен өткен басқосуда  алдымен Ерлан Нұржігітұлының баяндамасы тыңдалып,  соңынан жұрт сауалына жауап берілді.

Жиналған қауым алдында баяндама жасаған ауыл әкімі  білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, ауызсу, жол, жарық басқа да  әлеуметтік  салада істелген игі істерді атап көрсетіп, алдағы жылдың жоба-жоспарларымен бөлісті.

Осыдан соң, жеке-жеке сөз алған ауыл тұрғындары өз сауалдарын қойып, тиісті жауап алды. Ауыл тұрғыны Серік Сүлейменовтің айтуынша, бүгінде Мойнақ ауылында  мал ұрлығы өршіп тұр. Әбден дәніккен ұрылар өрісті айтпағанда, қорадағы малды алып кетуді әдетке айналдырған. Бірақ, малынан айырылған жұрт күні бүгінге дейін бір де бір қылмыс ашылмағанын алға тартты. Оны жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері де растап отыр.

Ал, келесі сауалдар ауылға газ тарту, қоғамдық көліктің кестедегі уақытымен жүріп-тұруын  қамтамасыз ету, қаңғыбас иттердің көзін жою төңірегінде болды. Сонымен бірге, басқосуда азаматтардан  ауылды көгалдандыруға көңіл бөлініп,  балалар ойнайтын ашық алаң салып беру сынды бірнеше өтініш келіп түсті. Мұның барлығына тиісті жауап берген Ерлан Жетібаев бірлесе жұмыс атқаратынын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Сәуле Аманбайқызы қарапайым халықтан түскен әрбір сауалдың жерде қалмай өз шешімін табатындығын атап айтты. Сөз соңында тұрғындар бір ауыздан ауыл әкіміне «қанағаттанарлық» деген баға беріп тарқасты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK