Алматы облысында “Жастар корпусын дамыту” жобасының аймақтық форумы өтті

890
Айдын Нұршановтың фотосы

Талдықорғанда Жастар корпусын дамыту жобасының жобалар және “Үздік тәжірибе” көрмесі атты Алматы облысының аймақтық форумы өтті. “Жастар корпусын дамыту” жобасы Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы.

Аталмыш пилоттық жоба  биылғы жылы Алматы, Павлодар, Қарағанды сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысында  жүзеге асырылды. Мұндағы мақсат-жастарды, әсіресе осал топтағы жандарды қоғамдық өмірге мейлінше тарту, тың идеялардың жүзеге асуына қолдау көрсету, сонымен қатар оқыту бағдарламалары арқылы өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту. Алғаш болып сөз алған Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Нұрмұхамбетов Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында облысымызда бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты. “Өздеріңізге мәлім, жастарға арналған көптеген бағдарламалар жүзеге асуда. Мақсатың айқын болса, арманың орындалады. Осыған барынша мүмкіндік жасаған басшылыққа Жетісу жастарының атынан алғысымызды білдіреміз”,-деп жобаның маңыздылығына тоқталып өтті. Дүниежүзілік банктің Қазақстан Республикасы бойынша өкілі Бауыржан Едгенов жастар жобасының қоғамға тигізер пайдасы мол болатындығына және алдағы уақытта жалғасын табатынына сенім білдіріп, пилоттық жоба өзге облыстарда да өткізу жоспарда екендігін айтты. Жиналған қауым форум барысында үздік жобалар таныстырылымына куә болып, көрмені тамашалады. Нұрболат Қарабасов, Айнұр Амралинова және Алмас Мұқажанов ұсынған “Мүгедектерге арналған қоларбаға қосымша құрылғы” атты жоба көпшіліктің көңілінен шығуда.

Шет елдік тәжірибеде қолданылып келген құралдың ерекшелігі, қарапайым қоларбамен тәулігіне 5-6 км жүруге болса, мұнымен 30 км-ге дейін еш кедергісіз жол жүруге болады.  Айта кетейік, жұмыс басталғалы бері 30-дан астам адам аталмыш құрылғының көмегіне жүгінген.  “Ең бастысы бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала ішінде өзге адамның көмегінсіз  емін-еркін қозғалуына мейлінше жәрдемдеседі. Осы орайда біздерге қолдау көрсеткен ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банкке алғысымызды білдіреміз”,-дейді Н. Қарабасов

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK