Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығы
Гүлмира Еркінқызы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірқатар тапсырмалар берді. «Ең маңызды мәселелердің бірі — өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту. Табысынан ешқандай төлем  жасамайтындар бар және тиісінше олар зейнетақы жүйесімен, әлеуметтік қолдау шараларымен де толыққанды қамтылмаған. Осыған байланысты қажетті тіркеуді жеңілдету үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізуді ұсынамын. Оны төлеу өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне, сонымен қатар, зейнетақымен қамсыздандыруға қатысуға мүмкіндік береді»-деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Қазіргі таңда еліміз бойынша Бірыңғай жиынтық төлем —  ең өзекті мәселе ретінде қолға алынды. «Алматы облысы Талдықорған қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы» КММ басшысы  Гүлмира  Есжановамен  аталмыш жүйе турасында    сұхбаттасқан едік.

-Гүлмира Еркінқызы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ай сайын «Бірыңғай жиынтық төлемін» төлейді.  Не үшін қолға алынып жатыр?

—  Бұл  шара Елбасымыздың  тапсырмасымен жүзеге асырылуда.  Айтар болсақ, өз табысынан ешқандай төлем жасамайтындар бар. Сондықтан осы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ешқандай жарна аудармағандықтан, сақтандырудан тыс қалғалы тұр. Демек, қазіргі тегін көрсетіліп жатқан көмек ақылыға айналғанда олар емделіп, зейнетақы да  ала алмауы мүмкін. Себебі,  олар аударым жасаған жоқ.

  Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды анықтау жұмысы міндетті әлеуметтік — медициналық сақтандыруға өтуге байланысты өзектендіру кезінде қолға алынған болатын. Талдықорған қаласы бойынша өзектендіруге 27 мыңнан астам адам жатқызылған еді. 14112 адамның мәртебесі нақтыланды. Анықталмаған адамдар  саны 13 мыңнан асады. Оның 1434-і жұмыссыз  азаматтар.

-Ендігі заң жобасының  тиімділігі  қандай?

Әрине, бұл жерде өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың санаты толықтай зейнетақымен қамсыздандырылады. Міндетті  әлеуметтік -медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін толық көлемде медициналық қамсыздандыруға қол жеткізеді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан төлем жасалады. Яғни, баршаға белгілі, жас аналардың жүктілігіне және баланың бір жасқа толғанына дейін  жәрдемақы төленеді. Сондықтан осындай мүмкіншілікті пайдалану мақсатында әркім өз  қалтасынан өз болашағы үшін қаржы салады.

Бірыңғай жиынтық төлемі:

 жеке табыс салығы;

 міндетті  зейнетақы жарнасы;

міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемі;

әлеуметтік сақтандыру аударымдарын біріктіреді.

-Өзін-өзі  жұмыспен қамтығандар санатына  кімдер енгізіледі?

-Бұл қолға алынған шара қолдауды және осы санатқа жататын азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталады.  Бірыңғай жиынтық төлемді кімдер төлейді дегенде, ең алдымен өзін-өзі жұмыспен  қамтығандар санатына, жеке тұлғаларға табыс табу мақсатында қызмет көрсетушілер (мәселен,бала күтушілер, репетиторлар, жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтіндер және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізушілер, базар мен пойыз төңірегінде сауда-саттық жасаушылар, сауда нысандарында арнайы орындары жоқ жеке тұлғалар (арба итергендер), такси қызметін атқаратындар мен ірілі-ұсақты жекеменшік кәсіпкерлер) енгізіліп отыр.

Жұмысшылар – жалдамалы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып екіге бөлінеді. Кейбір жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскеріне ешқандай салықты да, жарнаны да аудармауы мүмкін. Арада еңбек келісімшартын жасаспай, жалақысын қолма-қол алатындар бар. Сондай-ақ, өздері жасаған тағамдарды, тәттілерді, түрлі қолөнер, тоқыма бұйымдарын ғаламтор арқылы сататындар аз емес. Олар көп жағдайда үйде отырып жұмыс істейді. Қысқасы қызметтері ресми құжатта көрсетіле қоймаған, салық төлемейтін, жарна аудармайтындар өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына қосылады.  Сондықтан да, әркім өзінің болашағы үшін төлем жасауы тиіс. Басты, артықшылығы да осында.

 

 

 

жұмыспен қамту орталығы

-Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) қызметін жеңілдетіп тіркеу механизмі қарастырылған ба?

Әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз ететін тіркеудің оңайлатылған жолы қарастырылып отыр.  Мәселен,  халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы « Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы, мобильді қосымшалар, интернет, мобильді телефон, терминалдар, екінші деңгейлі банктер арқылы төлем жасауға болады.

БЖТ ай сайынғы мөлшері қала тұрғындары үшін – бір айлық есептік көрсеткішпен -2525 теңге, ауыл тұрғындары үшін -1263 теңге .

Қалаға қарасты Еркін мен Өтенай ауылдық округі бойынша да осы жүйеге қатысты жұмыстар жүргізілуде. Халыққа түсіндіру мақсатында жиындар, басқосулар қолға алынды. Бұл екі ауылды қосқанда тізім бойынша 700-дей адам  осы санат бойынша анықталады.

 —Егер де жұмыссыз болсаңыз не істеу керек?

-«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың    2017 – 2021 жылдарға арналған  бағдарламасы»  жұмыссыз азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Бірінші бағыты — «Бағдарламаға қатысушыларды  техникалық  және  кәсіптік  біліммен  және қысқа  мерзімді  кәсіптік  оқумен  қамтамасыз  ету» бойынша   2018 жылы 927  жұмыссыз  азаматтар, газэлектрмен дәнекерлеуші, слесарь-сантехник, электрик, шаштараз, аспаз, кондитер  т.б. жұмысшы  мамандықтары  бойынша қайта  даярлау  курстарын оқыды.

  2017-2018 жылдар аралығында  екінші бағыт — «Кәсіпкерлікті  ынталандыру»   бойынша 112 адамға 1183,7 млн.теңге қаржы  бөлінді.

Үшінші  бағыты —  «Халықты  жұмыспен  қамтуға жәрдемдесу  және  еңбек  ресурстарының  ұтқырлығы  арқылы  еңбек  нарығын  дамыту»  бойынша  жастар  тәжірбиесінен өтуге -296 жас  түлек  жолдама алып, оның ішінде 257-сі тұрақты жұмысқа орналасты.  Әлеуметтік  жұмыс  орындарына — 70 жұмыссыз  азамат жолдама алып, оның  69-ы  тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал,  қоғамдық  жұмыстармен -1447 адам қамтамасыз етілді.

Бос жұмыс орындарына  бағдарлама бойынша — 4194 адам жоспарға алынған, одан электрондық еңбек биржасы арқылы 2184 адам тұрақты  жұмысқа орналасты.

Мүмкіндігі  шектеулі 319 азамат  жұмыспен қамтылғандар қатарында. 2018 жылға жұмыспен қамту бойынша бос жұмыс орындарына 9 жәрмеңке ұйымдастырылса, оның  бесеуі өңіраралық болды.

 Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың  ішінде кәсіби білім аламын, тұрақты жұмыс жасаймын,  шағын несие аламын  десе,  жоғарыда көрсетілген бағдарламаға сәйкес кеңестер беріледі. Категориясы  анықталғандар ішінен 2514 адам  бағдарлама бойынша жұмыспен қамту шараларына қатысты.                                                           Аталған салық өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар үшін енгізілді.  Бірыңғай жиынтық төлемнің  өзіндік артықшылығы бар. Мәселен, қызметті автоматты түрде тіркеу,  сондай-ақ, зейнетақы жүйесіне қатысу, әлеуметтік және медициналық сақтандыруға қол жеткізу — өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін басты тиімділік. Ертеңгі күнге, болашаққа жасалған мүмкіндікті азаматтарға жіберіп алмаңыздар дегім келеді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK