Бүгінгі жасөспірімдер – ертеңгі әскер қатарында өздерінің қасиетті борыштарын атқаратын азаматтар. Әрине, әскердегі қылмыстылықты елдегі жалпы қылмыстылықтан бөле жарып қарауға болмайды.

Қоғамымызда әлі де болса орын алып отырған жалпы қылмыстылықтың сипаты әскери қылмыстардың да түбегейлі себептеріне түрткі болса керек. Әскери қызметке деген жауаптылықты жеткілікті деңгейге сезінбеу, кейбір әскери қызметшілердің өздерінің жеке бас мүдделерін қызметтік мүдделерден жоғары санайтындығы әскери қылмыстардың жалпы алғышарттарын құрауда.

Әскери қылмыстардың себептері, жалпы  қылмыстар сияқты, экономикалық әлеуметтік, идеологиялық, ұйымдастырушылық және басқа да  факторлармен тығыз байланысты. Еліміздегі, оның ішінде әскердегі қылмыстылықтың елеулі себептері бүгінде әлеуметтік-экономикалық сипат танытады.

Әрине, халық тұрмысының бірте-бірте  жақсаруы, адамдардың әсіресе, жастар санасының және олардың мәдени деңгейінің ұлғаюы әскер  қатарында әскери дайындық пен әскери тәртіпті нығайтуға оң ықпалын тигізіп, әскери қылмыстылықтың алдын алудың негізгі жолы болып табылады.

Қылмыс себептеріне терең үңілгенде, адамның қоғамға қауіпті әрекетті жасауға деген шешіміне қандай жағдайлар түрткі болды, міне осы мәселелерге басты назар аударуымыз керек. Мысалы, жас сарбаз өзінен әскерге ерте шақырылған жауынгерлердің қорлық-зомбылықтарына төзбей қашқындық жасауға мәжбүрліктен бел буады. Мұндағы қоғамға қауіпті әрекеттің себебі — өзге адамдардың /сарбаздардың/ бұрыс пиғыл әрекеттері. Дегенмен де, сол әрекеттің себебі кінәлінің өзінің қасиетті конституциялық борышын дұрыс түсінбей, әскери қызметтен жалтару, қашу ниеті де болуы мүмкін. Ондай әрекеті үшін кінәлі заңда көзделген жауаптылыққа тартылуы тиіс.

Әскери қызметшілердің қоғамға қауіпті әрекеттері /әрекетсіздіктері/, сонымен бірге әскери бастықтарға бекітілген тәртіппен құрмет көрсетпеу, бұйрыққа бағынбау, бір-бірінің арасында бағыныштылық қатынастары жоқ әскери қызметшілердің жарғылық ережелерді бұзуы, бір-бірінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу, тіл тигізу, әскери жарғылар мен әскери ант талаптарын орындамау, қарапайым мораль ережелеріне тұрақсыздық таныту және т.с.с. теріс қылық істерімен көрінеді. Ондай жат қылықтарға қиындыққа төзе алмау, қайрат-жігерінің әлсіздігі, арамдық әрі көре алмаушылық, ұмытшақтық пен ұқыпсыздық сияқты адам бойындағы тәрбиеленуі тиіс қасиеттер себепші болады.

Сонымен, әскери қылмыстылықтың себептері мен олардың алғышарттарына жасөспірімнің отбасында, мектепте, өндірісте дұрыс қалыптаспауы, оның ішімдікке, нашақорлыққа салынуы, ал әскер қатарында – командирлердің сарбаздың жеке мінез-құлқын өз деңгейінде білмеуі, тәртіп бұзушылардың жазаланбауы, қарамағындағы бағынышты әскери қызметшілерге қатаң талап қоя білмеушілік және т.б. жатады.

Біз жас азаматтарға әскери борышын өтеуге шынайы сүйіспеншілікті отбасынан, туған ошақтан  тәрбие беруіміз керек.

Талдықорған гарнизонының әскери сотының бас маманы  М.А.Кожабекова.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK