Талдықорған қаласы уақыт озған сайын заман ағымына ілесіп, жаңғыру жолында жанданып келеді. Мәселен, оған соңғы кездері қала көшелеріне орнатылып жатқан Smart аялдамалары мен ақылды жаяу жүргіншілер жолының іске қосылып жатқандығы дәлел. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асып жатқан бұл ауқымды жұмыстардың халыққа тигізер пайдасы мол екендігі анық.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырған болатын. Елбасы атап өткендей ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып бара жатқан мына заманында IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну бізге жай арман боп қалары анық. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.

Осыған орай бүгінде еліміздегі барлық қалалар мен өңірлер сандық жүйеге көшіп, аталған жоба аясында бірнеше жұмысты бастап кетті. Солардың қатарында тәуелсіз «nur.kz» сайты өткізген онлайн байқаудың аясында инфрақұрылымы дамыған, мәдени, ең сұлу, жайлы, таза һәм жолдары жақсы қала атанған Талдықорған да бар.

Иә, бүгінде облыс орталығында көштен қалмаудың лебі байқалады. Яғни, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың қатары баршылық. Солардың ішінен бірегейі ретінде Smart аялдамаларын алсақ болады. Дәл қазіргі сәтте ақылды аялдамалар қаланың 10 жеріне қойылған. Алдағы уақытта бұдан бөлек, тағы да 10 данасын орнату жоспарда бар. Бұл жұмыстар өткен жылдың қазан айында басталған. Тапсырыс беруші Талдықорған қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесі. Құрылыс жұмыстарын «Айбын» ЖШС мердігер компаниясы жүргізу үстінде.

Мұның халыққа тиімділігі сол қыс мезілдерінде жолаушыларды суықтан қорғаса, жаз күндері аптап ыстықта салқынмен қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, онда тегін Wi-Fi желісі мен телефон қуаттауға арналған тоқ көзі бар. Яғни, адамдарға аялдаманың ішіне кіріп, смартфонымен немесе басқа да құрылғыларымен интернетке қосылуға мүмкіндік қарастырылған. Одан бөлек, Smart аялдамада автобустардың бағытын көрсетіп тұратын арнайы монитор да орнатылған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрбақыт Құдайбергенұлының айтуынша, бұл аялдама сырттан ешқандай электр тоғын қажет етпейді. Өзіне керекті барлық қуатты аялдаманың төбесінде орналасқан күн батареясынан алады. Бір ескеретіні аялдаманың жұмыс тәртібі таңғы сағат 06:00 ден түнгі 22:00 дейін.

«Бұл жобаны «Айбын» ЖШС мердігер компаниясы өздері ойлап тапқан. Құрылысқа қолданып жатқан материалдардың барлығы отандық өнім. Сақтықта қорлық жоқ, қауіпсіздікті сақтау мақсатында аялдаманың ішіне екі және  сыртына екі бейнебақылау қойдық. Бұл жұмыстарды толығымен ақпан айының соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», — дейді Н. Алтынбеков.

Сейтмұхаммет Ахметов:

Жалпы, бұл бастама жақсы. Енді мұның барлығы ақшаға келген дүние болғандықтан осы аялдаманы халық дұрыс жағынан пайдаланса деген тілек бар. Ол үшін бейнебақылауларды көбірек орналастыру керек. Әйтпесе, небір бұзақылар бар ғой ішіндегісін тонап, сындырып кететін. Осыған мән беруіміз керек.

 

 

Еламан Қайрат:

— Қаламызда осындай заманға сай, адамдарға ыңғайлы аялдамаларды қойып жатқанына қуаныштымын. Бұл әсіресе, автобус күтіп отырған ата-әжелерімізге жақсы болды. Қыста тоңбайды, ішіне кіріп бойларын жылытып алғанға өте қолайлы. Сонымен қатар, телефон қуаттауға арналған тоқ көзі мен Wi-Fi желісі қосулы тұр. Мұның барлығы қала тұрғындары үшін өте тиімді деп ойлаймын.

 

Ләзат Жақыбаева:

— Мұндай заман талабына сай аялдамаларды жасап жатқанына оң көз-қараспен қараймын. Ішінде жолаушыларға бірнеше мүмкіндік қарастырылған. Енді осының барлығы тоқтап қалмай, үнемі жұмыс істеп тұрса жақсы болар еді. Жалпы, еліміз дамыған мемлекеттердің қатарына қосыламыз деп, алға ұмтылып келеді ғой. Бұл бастама соның бір дәлелі деп білемін. Халық та соған сай мәдениетті болып, қаланың ажарын ашып тұрған осындай дүниелерге ұқыптылықпен қараса екен.

Жоғарыда атап өткеніміздей «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде қалаға жаяу жүргіншілерге арналған арнайы ақылды аспалы өткелдер орналастырылу үстінде. Бүгінгі күннің өзінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған жаяу жүргіншілердің 10 жолағы дайын тұр. Алдағы уақытта тағы 10-ын жасау жоспарға енген. Мұның бір ерекшелігі осы маңнан адам жолды кесіп өтерде лазермен қызыл түс жанып, жол жабылады. Және адамдардың тек бір жерден ғана өтуі ішін сол жердегі жолдың екі бетіне арнайы қоршау қойылған.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрбақыт Алтынбековтың айтуынша, мұндай ақылды өткелдер көбінесе мектеп, балабақшалардың маңына қойылмақ. Бұл жұмыстар да ағымдағы жылдың соңында бітеді.

Бұдан бөлек, қала тұрғындары үшін тағы да бір жағымды жаңалық бар. Биылғы жылы І.Жансүгіров көшесінің бойында орналасқан медицина колледжінің маңынан және Алматыға шыға беріс тас жолындағы «Көктем грант» қонақ үйі мен жаңадан бой көтерген №27 мектептің қасынан жаяу жүргіншілерге арнап аспалы көпір салынбақ. Адамдар жүретін көпірдің төбесі мен жан-жағы толығымен жабық болады және мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жедел саты (лифт) орналастыру жоспарлағанған.

Айта кетейік, мұндай аспалы көпірлерді Алматы қаласының бірнеше көшелерінен байқауға болады. Нұрбақыт Құдайбергенұлы бұл көпірлерді үлкен көшелерді кесіп өтетін жаяу жүргіншілердің өмірін жол апатынан сақтауға көмектесетінін айтады. Қазір аталмыш нысанның жобалық сметалық құжаттары сараптамадан өтіп жатыр.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK