Талдықорғандағы «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімділігін тексеру мақсатында арнайы рейд өткізді.

Бүгінде қала тұрғындарына 190 қоғамдық көлік 26 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішінде 14 автобус мүмкіндігі шектеулі жандарға оңтайландырылған. Нақтырақ айтсақ, аталған автобустардың ерекшелігі сол едені төмен түсіп, қол арбада отырған адамның кіріп шығуына мүмкіндік қарастырылған (пандус ашылады). Сондай-ақ, автобус ішінде мүгедек адамдарға арналған орындық пен  қол арбаны бекітетін жабдықтары және зағип жандарға арналған дыбыстық ақпараттандыру құрылғылары орнатылған.

«Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының бірінші орынбасары Аманжол Жазықбаевтың айтуынша, қазіргі таңда қала бойынша 4 752 мүгедек тіркеуде тұр. Оның ішінде 2 219 адам – 1-ші, 2-ші топтағы, 1 776 адам – 3 топтағы және 757-сі бала кезінен мүгедек. Аталған жандарға барлық жағдайлар жасалуда. Қоғамдық көліктерден өзге, 10 инватакси пайдалануға беріліп, бір жылдың ішінде 2 мыңға жуық сұраныс қабылданды. Одан бөлек, еріктілерден құралған көліктері бар азаматтар мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созуда. Бүгінгі күні көлік жетіспеушілігі жайлы шағым айтушылар жоқ. Алдағы уақытта да аталған санаттағы адамдардың қолдануына берілген барлық жабдықтарды одан ары жақсартуға партия тарапынан бақылау жүргізілмек.

Талдықорған қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесінің сектор меңгерушісі Нұрбақыт Алтынбеков муниципалды парк ашылғаннан кейін мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген төменгі еденді жаңа автобустарды көптеп сатып алу жоспарда бар екендігін мәлімдеді.

Арнайы мамандардан құралған жұмысшы топ 5,8,23 нөмірлі қоғамдық көліктердің жұмысын тексеріп, тиісті талаптарға сай екендігіне көз жеткізді. Алдағы уақыттарда да мұндай шаралар жалғасын таппақ.

Мадияр ТОҚАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK