Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланғаны баршамызға белгілі. Осыған орай Талдықорғанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыс жастарымен бейресми кездесу өткізді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аталған жиынға аудандар мен қалалық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері, жас мемлекеттік қызметкерлер, жас депутаттар, оқу орындарындағы жастар істері жөніндегі комитеттердің жетекшілері және белсенді жастар қатысты.

Жиналған жас буынның алдында сөз алған өңір басшысы алдымен өткен жылда атқарылған жұмыстарды баяндап, Алматы облысының жетістіктерін тізбектеп өтті. Одан кейін жастар мәселесіне тоқталды.

«Жастар – қай кезде де қоғамның алға жылжуына ықпал ететін қозғаушы күш. Жастардың еркін ойы, жалын жігері, батыл бастамалары мемлекетіміз үшін аса қажет», — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан жастарға барлық жағдай жасалып отырғандығына тоқталды. Айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін – 2050», «Жасыл ел» жобалары жастарға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Мамандық бойынша жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікпен айналысуға да жол ашылған.

«Өздеріңіз білесіздер елімізде бірінші болып Талдықорғанда Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Бүгінде бұл ғимаратта жастар саясатын жүзеге асыру бағытында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Жалпы, қазіргі таңда жастардың білімге, еңбекке деген құштарлығы, шет тілдерін меңгеруге, инновацияны үйренуге, жаңа жобалар әзірлеуге деген талпыныстары бізді қуантады. Араларында қазірдің өзінде еліміздің дамуына үлесін қосып, мемлекетіміздің көк туын биіктен желбіретіп жүрген жастар аз емес», — деді А.Баталов.

Айта кетейік, бүгінде Алматы облысындағы жастардың саны (408 мың 218) халықтың үштен бір бөлігін құрайды. Яғни, өңірдегі әрбір үшінші адам – жастардан тұрады. Амандық Ғаббасұлы бұл көрсеткішті үлкен күшке, зор потенциалға теңеп, жастарды әрдайым алға жылжып, үнемі ізденісте, жаңалыққа ұмтылу қажет екендігін айтты.

«Мемлекет басшысы өзінің соңғы кезекті Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиістігін атап өтті. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін және 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл жыл, жастар, сіздердің жылдарыңыз», — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, Амандық Баталов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында атап көрсетілген ұлттық құндылықтарға ерекше мән меріп, жастарды тәуелсіз еліміздің болашағы жолында ерінбей еңбек етуге шақырды.

Бұдан бөлек, облыс әкімі биыл жұмыспен қамту мәселесіне үлкен көңіл бөлінетіндігін айтты. Мәселен, 2018 жылғы 1 қарашада жұмыспен қамту органдарына 14 пен 29 жас аралығындағы жастардан 16 682 адам өтініш білдіріпті. Олардың ішінде 10 мыңға жуығы жұмысқа орналасқан. Өңір басшысының айтуынша, өткен жылы жоспарға сәйкес, екі мыңға жуық түлек жастар практикасынан өткен. Бұған 450,5 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, А.Баталов биылғы жылы жастар үшін әлеуметтік маңызы бар жобалар мен байқауларға 31 миллион теңге бөлінгендігін атап өтті.

Осыдан кейін әкім жастар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға жауап берді. Кездесу барысында Талдықорған қаласындағыдай өзге де өңірлерге жастарға қызмет көрсету орталығын салу жайы сөз болды. Бұл ұсынысты Амандық Ғаббасұлы қолдап, облыстағы аудандарға да осындай 20 ғимарат тұрғызылатынын айтты.

Кездесу барысында облыс жастары ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында дән егіп, өнім өндіруге ниетті екендіктерін білдірді. Бұл бастамаға да әкім қолдау болатындығын білдіріп, облыстағы әрбір жастар ресурстары орталықтарына 10 гектардан жер берілетіндігін айтты. Енді олар өз аудан, қалаларында басымдық берілетін дақылдарды сеуіп, өнім өсірмек. Ал, одан түскен өнімнің қаржысына елді мекендерді абаттандырып, жастар мәселелерін шешу жоспарланған.

Бүгінде Алматы облысында креативті ойлайтын жастардың қатары өте көп. Соның ішінде ІТ саласы мамандарына стартап-жобаларды жүзеге асыруға қолдау қажет. Жиын барысында білімді жастар компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілген, интернетке қолжетімділігі жақсы арнайы ғимараттың қажет екендігін айтып, облыс басшысына өз ұсыныстарын жеткізді. Бұл идеяны Амандық Баталов бірауыздан қолдап, жастарға ІТ-стартаптардың технопаркін құру керектігін назарға алды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK