Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті қатты отынмен жылыйтын тұрғын үйлерде иісті газдан улану жағдайлары жиілеп кеткендігіне алаңдап отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 қаңтарында Талдықорған қаласына қарасты Сары-Арқа саяжай қоғамында, Садовая көшесінің №8 «А» жеке тұрғын үйінде пештің ақаулығынан қатты отынмен уланып, үш адам қаза тапқан. Оның ішінде екі бала, 1 адам ауруханаға жатқызылды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Мамандардың айтуынша, Алматы облысында 345 мың тұрғын үй, оның 200 мыңнан астамы қатты отынмен жылытылады. Облыстық ТЖД қызметкерлері тұрғын секторларды аралау бойынша күнделікті жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, азаматтар өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауға келгенде немқұрайлық танытады.

Осыған байланысты ТЖД қызметкерлері үйдің мұржаларын және құдықтарын күйеден уақтылы (айына кемінде 1 рет) тазалап тұруға, қатты отынмен жанатын жылу пештерін уақытылы жөндеп, дұрыс күйде ұстауға кеңес береді.

Сондай-ақ, жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, балалардың қадағалауына тапсыруға, отынды, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды оттың алдындағы парақта орналастыруға, пештерді жағу үшін бензин, керосин, дизель отыны сынды тез тұтанатын жанғыш заттарды қолдануға болмайтындығын ескертеді.

Барлық тұрғындарды қыс мезгілінде жылыту пештерін пайдалану кезінде аса сақ болуға шақырамыз. Әсіресе, жылы және ылғалды ауа райы кезінде жану өнімдерімен улану мүмкіндігі жоғары екендігін ескертеміз. Өздеріңізді және өз жақындарыңызды сақтаңыздар!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK